«Дара университеттің даңқты түлектері» жобасы: Ажар Ыбраева



    • «Дара университеттің даңқты түлектері» жобасы: Ажар Ыбраева

      АЛМАТЫ. 5 наурыз. Баспасөз орталығы – Ажар Ыбраева – қоғам қайраткері, 1959-1962 жылдардағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры. 1928 жылы Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Сергеев ауданында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Тарих факультетін үздік бағамен тәмамдаған.

      Ажар Ыбраева 1928 жылы Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Сергеев ауданында дүниеге келген. Қазіргі Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы орта мектепті бітірген соң, 1949 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Тарих факультетіне оқуға түседі. Оқу орнын үздік бағамен тәмамдап, сол жылы коммунистік партия қатарына өтеді.

      1949 жылдан 1950 жылға дейін осы институттың Марксизм-ленинизм кафедрасында ұстаздық етті. 1950–1959 жылдары Ажар Хакімқызы комсомол жұмыстарына басшылық етіп, Алматы қалалық комсомол комитеті хатшысы, Қазақстан Орталық комсомол комитетінде хатшылық қызметте істеді. 1959 – 1962 жылдары аралығында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры, 1962 – 1967 жылдары аралығында Шет тілдер институтының ректоры болып қызмет атқарды. 1967–1975 жылдары ҚазССР Жоғары және Арнаулы Орта білім министрлігінде жоғары оқу орындарын басқару бөлімінде коллегия мүшесі, 1975 жылдың қаңтарынан бастап Алматы шет тілдер институтының КПСС тарихы кафедрасына аға оқытушысы болып еңбек етті.

      Ажар Ыбраева көп жылдар бойы сол кездегі саясат ағымына қарай «XX және XXІІ партия съезі аралығында жастарды тәрбиелеуде коммунистік партия басшылығы» тақырыбына ғылыми еңбек жазды. Осы жазылған еңбегінің негізінде тарих ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін ғылыми диссертация қорғады.

      Оның авторлығымен 30-дан аса ғылыми еңбек пен ғылыми методикалық жұмыстар жарияланды. Ажар Хакімқызының еңбегін Кеңес және Қазақстан үкіметі жоғары бағалап, «Даңқ белгісі» орденімен, «Қажырлы еңбегі үшін» медалімен, ҚазССР Жоғары Советі мақтау қағазымен, Бүкілодақтық Ленин комсомолы Жастар Одағы сыйлығымен марапаттады. Ажар Хакімқызы екі рет Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі, Алматы қалалық, аудандық депутаттығына сайланды.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com

      Бөлісу: