«Дара университеттің даңқты түлектері» жобасы: Асылы Осман



    • «Дара университеттің даңқты түлектері» жобасы: Асылы Осман

      АЛМАТЫ. 25 ақпан. Баспасөз орталығы – Асылы Осман – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 1941 жылғы 13 шілдеде Грузияның Ахалкалак ауданына қарасты Хавет ауылында дүниеге келген. 1967 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетін үздік бағамен бітірген.

      Асылы Осман 1941 жылғы 13 шілдеде Грузияның Ахалкалак ауданына қарасты Хавет ауылында дүниеге келген.

      1944 жылғы қараша айында оның отбасы қуғын-сүргінге ұшырап, Шымкент облысының (қазіргі Түркістан облысы) Түлкібас ауданына жер аударылады. 1957 жылы Түлкібас ауданындағы Жаңаталап жетіжылдық мектебін, 1961 жылы Түркістан педагогикалық училищесін, 1967 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетін бітірді. Еңбек жолын 1961 жылы Жаңаталап мектебінде мұғалім болып бастаған.

      Педагогикалық институтты үздік бітірген соң осы оқу орнының Қазақ тілі кафедрасында ассистент болып қызмет атқарады. 1969-1973 жылдары аралығында Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл білімі институтының аспирантурасында оқып, білімін тереңдетеді. 1973 жылғы мамыр айында Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ахмеди Ысқақовтың жетекшілігімен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша «Қазақ тіліндегі синонимдес етістіктердің семантика-стилистикалық қызметі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғайды.

      1973-1981 жылдары аралығында Қазақ КСР Ғылым академиясы жанындағы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері, 1981-1991 жылдары аралығында аталған институттың аға ғылыми қызметкері, жетекші ғылыми қызметкері, 1993-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Тіл комитетінің Ұлт тілдерін дамыту бөлімінің бастығы, 1996 жылдан Ұлт саясаты жөніндегі комитеттің Мемлекеттік тілді дамыту, терминология және ономастика жөніндегі Бас басқармасының бастығы болып қызмет атқарды.

      Асылы Осман есімі көзіқарақты көпшілікке кеңінен таныс. Ол мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесінің артуына, ұлттық мұраларымызды ұлықтау жолында қажырлы қызмет атқарып жүрген жанның бірі де бірегейі. Оның авторлығымен қазақ тілі жөнінде, тәуелсіздік турасында көптеген ғылыми кітаптар мен еңбектер жарық көрді. Атап айтқанда, оның авторлығымен 1991 жылы «Қазақ тіліндегі синонимдес етістіктердің семантика-стилистикалық қызметі» атты монография, 1994 жылы «Қазақша-түрікше-орысша тілашар», 2011 жылы «Қазағым барда мен бармын», 2012 жылы «Тіл тәуелсіздігі – ел болашағы» кітаптары  жарық көрді. Сондай-ақ ол 1974-1986 жылдары шыққан  он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» құрастырушылардың бірі. А. Әлиқызы әртүрлі өзекті тақырыптарды қаузаған 400-ден астам ғылыми мақаланың авторы.

      Асылы Осман өзі өскен-өнген елдің тілін, ділін, салты мен дәстүрін  насихаттаудан танбай келеді. Тіл саясатының мәні мен маңызын көпшілікке ұғындырып жүрген мемлекетшіл тұлға. Ол қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі мен мәртебесін көтеру, оны қоғамның барлық саласында белсенді түрде қолдану мәселесін көтеріп келеді. Тіл жанашыры 1998 жылдан бері Алматы облыстық әзірбайжан этномәдени орталығы мен «Мемлекеттік тілге – құрмет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы және «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы төрағасының орынбасары қызметін атқарып келеді.

      А. Осман – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол «Достық», «Парасат», «Бауыржан Момышұлы» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Мәдениет қайраткері», Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік», «Батыр шапағаты», «Сауап», «Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» медальдарымен және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. «Тіл жанашыры», «Ұлт жанашыры», «Ана тілі», «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» белгілерінің иегері.

      Алматы қаласының және Түркістан облысының Түлкібас ауданының «Құрметті азаматы».

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com

      Бөлісу: