Students Party – 2025
-
07 қазан, 2025
2025 жылғы 7 қазан күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде дәстүрлі «Students Party» – 1-курс студенттерін студенттік қатарға қабылдау салтанатты кеші өтті. Іс-шара Grand Ballroom залында ұйымдастырылды.
Биыл университет табалдырығын алғаш аттаған 2 243 студент үшін ұйымдастырылған бұл мереке ерекше шаттық пен қуанышқа толы болды. Шара екі ауысымда өтті: алғашқы ауысымға Филология, Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институттары мен Кәсіби білім беру колледжі, сондай-ақ әскери институттардың студенттері қатысты. Ал екінші ауысымға Педагогика және психология, Жаратылыстану, Физика, математика және цифрлық технологиялар институттарының студенттері жиналды.
Салтанатты кеш ҚР Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректордың м.а. Суатай Сәбит Құрманжанұлы студенттерге жылы лебізін білдірді.
«80 жылдық тарихында талай дарынды қыздарды тәрбиелеп, биік белестерге жетелеген қасиетті қарашаңырақтың бір бөлігі болуы – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы айтқандай, “Толық адам” болудың басты шарты – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Осы үш қасиет Сіздер үшін бағыт-бағдар болуы тиіс», – деді Сәбит Құрманжанұлы өз құттықтауында.
Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі – университеттің рухани құндылықтарын 1-курс студенттеріне табыстау рәсімі болды. Бұл дәстүр жаңа буын студенттерге университет рухын сезіндіру және студенттік бірлікті нығайту мақсатында өткізіледі.
Кеш бағдарламасы Абайдың “Толық адам” тұжырымдамасына негізделіп, үш бағыт – «Ыстық қайрат», «Нұрлы ақыл», «Жылы жүрек» идеяларын қамтыды. Студенттер өз өнерлерін паш етіп, би, ән және театрландырылған көріністер арқылы көрерменге рух пен шабыт сыйлады.
Филология институты, «Орыс тілі» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті Карина Отенбаева кештен алған әсерін жасыра алмады:
«Бүгінгі шара ерекше әсер қалдырды. Бұл – университеттегі белсенділікке, жетістікке бастар алғашқы қадамым деп білемін. Символды қабылдау – үлкен жауапкершілік. Алдағы уақытта жан-жақты дамуға, университеттің өркендеуіне өз үлесімді қосуға тырысамын. Оқу орнына қадам басқан сәттен бастап, өзімді үлкен отбасын тапқандай сезіндім. Рухы биік QyzPU студенті болу – мен үшін үлкен мақтаныш!», – деді ол.Шараға Жастар саясаты басқармасының басшылығы, Алматы қаласының комьюнити орталықтарының өкілдері, сондай-ақ Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, ҚР ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының курсанттары қатысты.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жаңа оқу жылында барлық студенттерге сәттілік, шабыт және жарқын жетістіктер тілейді
Бөлісу: