Мен саған өкпелемеймін: Гүлнәр Сиқымбаеваны еске алу кеші өтті
-
07 қазан, 2025
2025 жылғы 7 қазан күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Хореография және арт-менеджмент кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, танымал эстрада әншісі аталған кафедрада ұстаздық қызмет атқарған аға оқытушы Гүлнәр Ермекқызы Сиқымбаеваны еске алуға арналған «Мен саған өкпелемеймін» атты кеш өтті.
Іс-шараның мақсаты – өнер майталманының өмірі мен шығармашылығын студенттерге үлгі ету, ұлағатты ұстаздың есімін ұлықтау және рухани құндылықтарды дәріптеу болды.
Кеш барысында Гүлнәр Ермекқызының өмір жолы мен сахнадағы шығармашылық қызметі туралы айтылып, студенттер ұстаздарына арнаған шағын поэзиялық көрініс ұсынды. Сондай-ақ, көпшілік сүйіп тыңдайтын «Мен саған өкпелемеймін» атты әні орындалып, тыңдармандарға ерекше әсер сыйлады.
Кешке ҚР еңбек сіңірген артисі Сұлушаш Нұрмағамбетова, Ұлжан Айнақұлова, актер әрі әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Байғали Есенәлиев, сондай-ақ Гүлнәр Ермекқызының ұлы мен келіні қатысып, өнер иесінің жарқын бейнесі туралы естеліктерімен бөлісті.
Гүлнәр Ермекқызы Сиқымбаева 1961 жылы Түркістан облысының Төле би ауданында дүниеге келген. Эстрада әншісі ретінде әйгілі «Гүлдер» ансамблінде қызмет етіп, «Мен саған өкпелемеймін», «Биші қайың», «Мерекем – сен», «Аяулым» сияқты әндерімен елге танылды. Өмірінің соңғы жылдарында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ұстаздық қызмет атқарып, жас буынды өнерге баулумен айналысты.
Бөлісу: