«Кірісті, шығысты және оны үлестіруді жазып жүруді әдетке айналдыру керек»: QyzPU-да Азамат Скаковтың қатысуымен қаржылық сауатқа арналған мастер-класс өтті



    • «Кірісті, шығысты және оны үлестіруді жазып жүруді әдетке айналдыру керек»: QyzPU-да Азамат Скаковтың қатысуымен қаржылық сауатқа арналған мастер-класс өтті

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Тұлға қалыптастыру департаменті, Қыздар көшбасшылығы және кәсіпкерлік орталығының ұйымдастыруымен 1-курс студенттеріне арналған «Қаржылық сауаттылық негіздері» тақырыбында танымдық мастер-класс өтті.

      Шараның мақсаты – студенттердің қаржылық мәдениетін қалыптастырып, олардың кәсіби және жеке дамуын қолдау, сондай-ақ әлеуметтік жауапты әрі бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ету.

      Мастер-классқа әр факультеттен студенттер қатысып, қаржыны тиімді басқару, шығынды жоспарлау, жинақтау және қарыздан сақтану сияқты маңызды дағдыларды меңгерді.

      Шараның спикері – сертификатталған коуч, «Sen» кітабының авторы Азамат Скаков. Ол студенттерге жеке қаржыны тиімді басқарудың негізгі қағидаларын түсіндіріп, табыс пен шығынды жоспарлаудың заманауи тәсілдерін таныстырды. Сондай-ақ, қатысушылар жәрдемақы мен табысты ұтымды пайдалану, жинақ мәдениетін қалыптастыру және қарыз тәуелділігінен сақтану жолдары жөнінде нақты кеңестер алды.

      Сонымен қатар, Қыздар көшбасшылығы және кәсіпкерлік орталығының бөлім басшысы Гүлзира Магзумовна Беккалиева студенттерге орталықтың жылдық жұмыс жоспарымен таныстырып, алдағы жобалар мен жаңа мүмкіндіктер туралы ақпарат берді.

      Мастер-класс студенттерге қаржы әлеміне жаңаша көзқарас қалыптастырып, өз өмірін саналы түрде жоспарлауға және қаржылық еркіндікке қадам жасауға жігер берді. Екі шет тілі мамандығының 2-курс студенті Арайлым Ерболатова шара туралы өз әсерімен бөлісті:

      «Азамат Скаков менің ҰБТ-ға дайындық кезінде психологиялық тұрғыдан дайын болуыма үлкен септігін тигізген тұлға. Оның «Sen» кітабын оқып, өзіме тұлғалық даму тұрғысынан пайдалы ақпараттар алдым. Университетке келетінін естіп қатты қуандым. Кездесуде тек қаржылық сауат жайлы ғана емес, рухани даму мен өзіңді табу туралы да айтты. Алдағы уақытта ұсынған кеңестерін өмірімде қолданамын деп ойлаймын. Осындай мүмкіндік үшін Университетіме алғыс айтамын».

      Бұл бастама ТДМ 4 – «Сапалы білім беру», ТДМ 5 – «Гендерлік теңдік», ТДМ 8 – «Лайықты жұмыс пен экономикалық өсу», және ТДМ 17 – «Тұрақты даму үшін серіктестік» мақсаттарына сәйкес жүзеге асырылып, студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыруға, кәсіби әлеуетін дамытуға және еңбек нарығында өз орнын табуына зор мүмкіндік берді.

       

      Бөлісу: