Халықаралық аудармашылар күні аталып өтті



    • Халықаралық аудармашылар күні аталып өтті

      30 қыркүйек күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Халықаралық аудармашылар күніне арналған мерекелік шара өтті.  Шараны Филология институты мен Шетел тілдерін оқыту әдістемесі және мәдениетаралық коммуникация кафедрасы ұйымдастырды.

      Шараның басты мақсаты – аударма мамандығының қоғамдағы рөлін дәріптеу, студенттердің кәсіби біліктілігін арттыру және көптілді ортада мәдениетаралық диалогты дамыту.

      Филология институтының директоры, профессор Айгүл Сатбекова өз құттықтау сөзінде аудармашылардың елдер арасындағы байланысты нығайтудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ, кафедра оқытушылары жас мамандардың кәсіби шыңдалуына тілектестігін білдірді.

      Бағдарлама барысында студенттер дайындаған бейнематериалдар көрсетіліп, аударма ісінің тарихы мен бүгінгі дамуы, сондай-ақ заманауи технологиялар мен жасанды интеллекттің ықпалы талқыланды. Университет жастары Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерін бірнеше тілде орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Концерттік бағдарлама мерекелік шараның ажарын аша түсті.

      Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар студенттердің тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін дамытуға және шығармашылық қабілеттерін шыңдауға ықпал етеді. Сонымен қатар, олар көптілді ортада жұмыс істеу арқылы мәдениетаралық құзыреттілігін арттырып, болашақ кәсіби өміріне қажетті құнды тәжірибе жинақтайды.

      Бөлісу: