EMDR-терапияға арналған ашық дәрістер



    • EMDR-терапияға арналған ашық дәрістер

      Алматы қаласында QyzPU базасында EMDR-терапия әдісіне арналған ашық дәрістер сәтті өтті. Іс-шараны Қазақстанның EMDR қауымдастығы және университеттің психология кафедрасы ұйымдастырды. Бұл кәсіби қауымдастық үшін нәтижелі диалог пен тәжірибе алмасудың жарқын үлгісі болды.

      Дәрістерде Испаниядан келген сертификатталған халықаралық тренерлер баяндама жасады. Долорес Москуэра күрделі травма жағдайында тұлғаның диссоциативті бөліктерімен жұмыс істеудің диалог пен эмпатияға негізделген интегративті тәсілін таныстырды. Ал Наталия Сейо адамның психикасы мен денесіне өңделмеген травмалық тәжірибенің әсерін түсіндіріп, травма мен психосоматикалық бұзылыстар арасындағы байланысты нақты мысалдар арқылы көрсетті.

      Дәрістер кәсіби қауымдастық тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, Қазақстанда дәлелді психотерапия әдістеріне деген сұраныстың артып келе жатқанын айқындады.

      Шараға QyzPU студенттері мен магистранттары қатысты. Педагогика және психология бағдарламасының 1 курс магистранты Мерей Камбыл оқудан алған әсерін бөлісті.

      «Университетке шетелдік тренерлер келгеніне қуаныштымыз. Оқу барысында үйренген әдіс-тәсілдерді, инсайттарды алдағы уақытта жұмысымда қолданамын деген ойдамын. Осындай білім алуға мүмкіндік берген университетімізге алғыс білдіремін», – деді магистрант.

      EMDR (ДПДГ) – психотерапияның заманауи әдісі. Ол миға ауыр оқиғалар мен жарақаттық тәжірибелерді қайта өңдеуге мүмкіндік беріп, олардың адамға теріс әсерін азайтуға көмектеседі. Атауындағы аббревиатура Eye Movement Desensitization and Reprocessing (Көз қозғалысының көмегімен десенсибилизация және қайта өңдеу) дегенді білдіреді.

      Мамандардың пікірінше, мұндай халықаралық іс-шаралар қазақстандық психологтардың кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, психикалық денсаулық саласындағы әлемдік тәжірибемен интеграциялануға жол ашады.

      Бөлісу: