Жастар, технология және жауапкершілік: QyzPU-да сталкингке қарсы Workshop өтті



    • Жастар, технология және жауапкершілік: QyzPU-да сталкингке қарсы Workshop өтті

      2025 жылғы 24 қыркүйекте QyzPU Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен «Сталкинг әлеуметтік құбылыс ретінде: жастар, технологиялар және жауапкершілік» тақырыбында Workshop өтті. Шараның басты мақсаты – сталкинг феноменін әлеуметтік тұрғыда талдау, жастар арасындағы қауіптер мен тәуекелдерді анықтау болды.

      Бүгінгі қоғамда цифрлық технологиялар мен әлеуметтік желілер күнделікті өмірдің бөлшегіне айналды. Олар адамдар арасындағы қарым-қатынас пен өзара әрекеттесудің жаңа деңгейіне жол ашқанымен, жаңа әлеуметтік қатерлерді де тудырды. Соның бірі – сталкинг, яғни біреуді қудалау, бақылау немесе психологиялық қысым көрсету.

      Workshop аясында ҚазҰУ жанындағы «Жан-Сая» дағдарыс орталығы мен Алматы адвокаттар алқасының сарапшылары арнайы шақырылып, ашық диалог алаңы ұйымдастырылды. Спикерлер сталкингтің түрлері мен белгілерін, оны тудыратын факторларды, әсіресе әлеуметтік желілер мен цифрлық технологиялардың ықпалын жан-жақты саралады. Сондай-ақ бұл құбылыстың психологиялық және құқықтық салдары мен оны болдырмау жолдары талқыланды.

      Іс-шараға әлеуметтік ғылымдар, құқық және психология саласындағы мамандар, білім беру ұйымдарының өкілдері мен белсенді жастар қатысты. Диалог барысында қатысушылар сталкингке қарсы мәдени және құқықтық иммунитет қалыптастырудың жолдарын қарастырды.

      «Әлеуметтану» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері Workshop-тың практикалық кезеңінде белсенділік танытып, сталкингке қатысты нақты ұсыныстар әзірледі. Бұл ұсыныстар жастардың цифрлық мәдениеті мен құқықтық санасын арттыруға бағытталмақ.

      Бөлісу: