QYZPU студенттері грэпплинг бойынша әлем чемпионы атанды
-
22 қыркүйек, 2025
20-21 қыркүйек күндері Алматы қаласында «Samurai World 2025» халықаралық турнирі өтті. Ауқымды додаға жақын және алыс шетелдерден келген 1500-ден астам спортшы қатысып, ол өңірдегі жылдың ең ірі жарыстарының біріне айналды.
Байрақты бәсекеде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері ерекше көзге түсіп, жүлделі орындарды иеленді. Люба Темникова – әйелдер арасында 49 кг салмақ дәрежесінде грэпплинг және грэпплинг Gi бойынша 1 орын алды. Камила Аманбай – 62 кг салмақ дәрежесінде грэпплинг бойынша чемпион атанды.
Любаның айтуынша, алда жас чемпионды тағы бір үлкен сын күтіп тұр. Ол 1–2 айдан кейін Грецияда өтетін Әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр.
«Қазақстанның көк туын көтеру – сөзбен жеткізуге келмейтін ерекше сезім. Бұл жеңіс – айлап дайындалған ауыр жаттығулардың нәтижесі. Әр қарсыласым мықты болды, ол тек қарсыласыммен ғана емес, өзімнің шаршауыммен, ішкі күмәніммен күрес болды. Күніне орта есеппен 4–5 сағатымды жаттығуға арнаймын: оның ішінде әрі физикалық дайындық, әрі техникалық жұмыс бар. Кей күндері шаршаған күйде де, жарақатпен де жаттықтым, бірақ мұның бәрі бүгінгі жеңіс үшін жасалды. Жетістігіме бапкерлерім – Альберт Алдияров пен Рустам Руслановичтің еңбегі зор. Бұл марапаттар – тек менің еңбегімнің ғана емес, жаттықтырушыларымның да үлкен үлесінің нәтижесі Алда Грецияда өтетін әлем чемпионаты бар. Қазір бар ойым – сол жарысқа дайындалып, көк туымызды тағы да биікте желбірету», – деді чемпион.
Спорт пен білімді қатар алып жүрген студент қыз табандылықтың арқасында арманынан бас тартпайтынын атап өтті.
«Мен үшін спорт та, білім де маңызды. Кейде университеттегі дәрістер мен ауыр жаттығулар бір-бірімен қабаттасып қалады. Бірақ мен ешқашан шағымданбаймын, себебі бұл – менің таңдауым, менің арманым. Университеттегі ұстаздар әрдайым қолдау білдіріп, түсіністікпен қарайды, ал спорттағы тәртіп оқу процесіне де көмегін тигізеді. Әсіресе достарымның, тәлімгерлерімнің және жанкүйерлердің қолдауы ерекше шабыт береді. Трибуналардан «Люба, алға!» деген дауысты естігенде, өзім үшін ғана емес, маған сенген барлық адамдар үшін күресіп жатқанымды түсінемін», – деп бөлісті Люба Темникова.
Турнирді Алматы қаласы бойынша UWW грэпплинг федерациясы қоғамдық бірлестігі Алматы қаласының спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырды. Жарыс Samurai промоушенінің ережелері бойынша Gi және No Gi тәртіптерінде өтті.
Студенттердің халықаралық және ұлттық деңгейдегі бұл жеңістері – табанды жаттығулардың, жаттықтырушылардың кәсібилігінің және университеттегі спорттық дәстүрдің айқын нәтижесі.
Бөлісу: