Ана тілім – ардағым



    • Ана тілім – ардағым

      Бүгін Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай «Ана тілім – ардағым» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Шараны Алматы қаласы әкімдігі,  Мемлекеттік тілді дамыту институты және QyzPU бірлесе өткізді.

      Мерекелік жиынға мемлекеттік қызмет пен ғылым-білім саласының мамандары, өнер және мәдениет қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар қатысты. Шара аясында қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Ұлт ұстазының рухына тағзым етті.

      Жиын салтанатты түрде ашылып, ресми тұлғалардың құттықтау сөздерімен басталды. Қатысушылар ана тілінің қоғамдағы рөлі, ұлттық руханият пен мәдениеттің дамуы, Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы туралы тағылымды ойларымен бөлісті.

      Бағдарлама барысында көрермендерге қазақ тілі, ұлттық өнер мен әдебиетке, сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен еңбектеріне арналған викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап бергендерге бағалы сыйлықтар табысталды. Бұдан бөлек, танымал өнер шеберлері өз өнерін ұсынып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

      «Ана тілім – ардағым» атты мерекелік жиын – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, ұлттық бірегейлікті нығайтуға және жас ұрпаққа ана тілді құрметтеудің маңызын ұғындыруға бағытталған тағылымды басқосу болды.

      Бөлісу: