Алматыда студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін Ахуалдық орталық ашылды
-
04 тамыз, 2025
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында Ахуалдық орталық ашты.
Аталған орталық Алматы қаласы, Бөгенбай батыр көшесі 142 мекенжайында орналасқан университет ғимаратының 300 шаршы метр аумағында орналасқан. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аталған орталық жатақханадан орын таба алмаған студенттерге көмек көрсететінін айтты.
«Әр жоғары оқу орнының жанынан арнайы цифрлық платформа құрылды. Ол отандық жоғары оқу орындарының 80%-ында бар. Айта кетейік, Нархоз және Satpayev university-де студент жатақханадан бөлмені, орынды өзі таңдайды. Ал студент оны да білмей қалса, жатақханадан орын ала алмаса Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында ашылған Ахуалдық орталықтың көмегіне жүгінеді. Ал Алматыда бос орын табал алмай қиын жағдайға тап болған студенттерге университеттермен бірлесе төтенше жағдайға арналған 55 арнайы бөлме дайындадық, сонда орналастырамыз. Жоғары оқу орындары хостелдермен келіссөздер жүргізіп жатыр», – деді Саясат Нұрбекұлы.
Орталықта 10 толыққанды жұмыс орны бар. Арнайы жұмыс орны заманауи компьютерлермен, байланыс құралдарымен, цифрлық дерекқорларға қолжетімділікпен және жоғары оқу орындарымен жедел байланыс арналарына (бір нөмірге бір уақытта қосылатын 10 байланыс желісі) қосылған жүйемен жабдықталған. Сонымен қатар орталықта жиналыстар мен брифингтер өткізуге арналған конференц-зал, келушілерге арналған күту және демалыс аймағы, оқу бұрышы мен кофе-брейк аумағы қарастырылған.
Жатақхана мәселесін шешу үшін елімізде арнайы нормативтік субсидиялар ұлғайтылды, жекеменшік мердігерлерді, компанияларды тартып, 5 жылдың ішінде 400-ден астам жатақхана салынды. Кәсіпкер Бауыржан Карибжанов Алматыда қалаға келген студенттерді орналастыратын жатақхана салып, қолданысқа беріп жатыр.
«Бұл жатақхана 4 қабаттан тұрады. Әр қабатта 12 пәтер бар. Бір пәтерде екі жатын бөлме бар, әр бөлмеде 4 студент тұрады. Пәтердің ішінде барлық жағдай жасалған – заманауи асхана, тоңазытқыш, кір жуғыш машина, жуынатын бөлме мен дәретхана бар. Сонымен қатар ғимарат өрт қауіпсіздігі жүйесімен жабдықталған, өрт датчиктері орнатылған. Қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлдік. Студенттерді жатақханаға 1 қыркүйектен бастап келісімшарт негізінде қабылдай бастаймыз», – деді инвестор.
Бөлісу: