QyzPU студенттері «Азамат» теледебат жобасына қатысып 16/1 кезеңіне өтті
-
09 шілде, 2025
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Хабар» агенттігінің қолдауымен эфирге қайта шыққан «Азамат» теледебат жобасына QyzPU студенттері қатысты.
Аталған тележобаға еліміздің мықты 32 жоғары оқу орындарынан іріктелген командалар бақ сынасты. Солардың арасынан озып шыққан үздіктер қатарында QyzPU студенттері де өз білімдері мен шешендік қабілеттерін сынға салды.
Университет Жастар саясаты орталығының «Парасатты Нағыз Лидерлер Одағы» дебат клубының Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының студенті Келгенбай Жанерке және Филология институтының 1 курс студенті Пернебай Мерей С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің пікірсайысшыларымен «Еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін қалыптастырудың тиімді жолдары» тақырыбында пікірсайысқа түсті.
Теледебат барысында студенттер өзекті тақырыпқа қатысты терең талдау жасап, нақты дәйектер мен қарсы дәлелдер келтіру арқылы жоғары дайындықтарын көрсетті. Олар еркін ойлау мен шешен сөйлеу дағдылары арқылы жұмысшы мамандар кімдер, олардың құқықтары, табанды еңбектері мен қолдау көрсету бойынша жолдарын ұсынған өз пікірлерін толық және ашық жеткізе білді.
«Қайта жаңғырған аталмыш тележобада бұрынғы Азаматтан анағұрлым оң өзгерістер болды. Атап айтқанда бұрын тек Алматы қаласының студенттері ғана қатыса алса, биыл барлық өңірлердің студенттері қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, Астана қаласынан тегін жатын орын, тамақтану, трансфер және менторлық қолдаулар көрсетілген керемет дайындық пен қолдау көрсетілді. Еліміздің жоғары оқу орындары студенттеріне өз қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік жасағаны үшін ҚР Парламенті Мәжілісіне, Ғылым және жоғары білім министрлігіне, сондай-ақ «Хабар» агенттігі мен «Qazaq Debate» қоғалысының құрылтайшысына зор алғысымызды білдіреміз», — дейді пікірсайысшылар жетекшісі, Жастар саясаты орталығының басшысы Мейрамгүл Бахытжанқызы.
QyzPU студенттерінің бұл жобадағы белсенділігі – университет қабырғасында жүргізіліп жатқан сапалы тәрбие мен жан-жақты дамуға бағытталған жастар саясатының айқын көрінісі.
«Парасатты Нағыз Лидерлер Одағы» дебат клубын жеңістерімен құттықтай отырып, алдағы айналымда сәттілік тілейміз.
Бөлісу: