«Әлеуметтік және гендерлік зерттеулер» жаңа магистрлік бағдарламасы таныстырылды
-
05 маусым, 2025
Бүгін Алматы қаласында «Әлеуметтік және гендерлік зерттеулер» атты жаңа магистрлік бағдарламаның ресми таныстырылымы өтті. Тұсаукесер рәсімі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ұйымдастырылды.
Бағдарламаның басты мақсаты — Қазақстандағы әйелдер мен қыздардың әл-ауқатына оң ықпал ететін ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту және болашақ мамандарды гендерлік мәселелер бойынша терең біліммен қамтамасыз ету.
«Екі жылдық оқу бағдарламасы гендерлік теңдік, адам құқықтары, әлеуметтік әділеттілік, сондай-ақ әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Оқыту Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессорлары мен халықаралық сарапшылардың бірлескен жұмысы нәтижесінде дайындалған. Университетіміз халықаралық серіктестермен бірлесіп, білім сапасын арттыруды және қоғамдағы оң өзгерістерді қолдауды жалғастыра береді», – деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы–Ректоры Гүлмира Қанай.
Кездесу аясында сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылып, қатысушылар бағдарламаның құрылымы, мазмұны, болашақ мамандық мүмкіндіктері және халықаралық тәжірибе бойынша пікір алмасты. Шараға онлайн қатысқан «БҰҰ-Әйелдер» ұлттық сарапшысы Айжан Салимжанова білім беру бағдарламасының өзектілігін атап өтті.
«Бағдарламаның өзектілігі — заманауи әлеуметтік және гендерлік үдерістерді сыни тұрғыдан талдай алатын, гендерлік теңдікке, әлеуметтік әділеттілікке және тұрақты дамуға қол жеткізу стратегияларын әзірлейтін, сондай-ақ алған білімін тәжірибеде тиімді қолдана алатын пәнаралық даярлығы бар жоғары білікті мамандарды дайындау. Бүгінгі таңда білікті мамандар ұсынған ұсыныстар біздің жұмысымызды жетілдіруге өз үлесін қосатынына сенімдімін. Бұл өз кезегінде гендерлік зерттеулер саласын тереңірек игеруге және еліміз үшін маңызды да қызықты ғылыми жобаларды әзірлеуге мүмкіндік беретін сапалы өнім ұсынуға жол ашады», — деді сарапшы.
Жаңа бағдарлама Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бастамасымен және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, сондай-ақ «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының қолдауымен әзірленді. Бағдарламаның оқу жоспары QyzPU профессорлық-оқытушылық құрамымен және қазақстандық, халықаралық сарапшылармен бірлесіп дайындалды.
Аталмыш магистрлік бағдарлама Қазақстанда гендерлік саясатты жетілдіруге, ғылыми кадрларды даярлауға және әлеуметтік әділетті қоғам құруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама гендерлік зерттеулер саласының дамуына серпін беріп, ұлттық және халықаралық деңгейде өзекті мәселелерге жауап бере алатын кәсіби мамандар даярлауға мүмкіндік туғызады.
Бөлісу: