Халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында республикалық студенттер айтысы ұйымдастырылды



    • Халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында республикалық студенттер айтысы ұйымдастырылды

      Бүгін Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының Хореография және арт-менеджмент кафедрасының бастамасымен еліміздің рухани-мәдени өмірінде маңызды оқиғалардың бірі – «Түркі халықтар айтысының трансформациялануы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл алқалы жиын айтыс өнерінің тарихи тамырларын, түркі халықтары арасындағы ортақ мәдени құндылықтарын және заманауи жағдайдағы даму бағытын саралауға арналды.

      Кездесу барысында ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері айтыстың қазіргі қоғамдағы маңызын, жастар арасындағы ықпалын, сондай-ақ айтыс өнерінің түркі кеңістігіндегі тарихи эволюциясын терең талқылады. Іс-шара ғылыми таным мен өнердің үндестігін паш етіп, рухани жаңғырудың нақты көрінісі болды.

                                                      

      Конференция аясында ерекше мазмұнға ие шара – «Білімді қыздар – ұлттың ұйытқысы» атты республикалық студенттер айтысы ұйымдастырылды. Бұл айтыстың негізгі мақсаты – дарынды жастарға шығармашылық қолдау көрсету, олардың рухани дамуына жол ашу. Айтыс арқылы студент жастарға патриоттық, азаматтық, мәдени-эстетикалық тәрбие беру көзделеді. Сонымен қатар ұлттық өнерді дәріптеу арқылы олардың бойында қазақ халқының төл құндылықтарын сіңіру – негізгі бағыттардың бірі.

                                                                                

      Айтысқа еліміздің түрлі жоғары оқу орындарынан келген талантты қыз-бозбалалар қатысып, өзара суырыпсалма өнерлерін ортаға салды. Жас ақындар тек өнер сайысына түсіп қана қоймай, ұлттық болмыс, білім мен әйелдің қоғамдағы рөлі туралы маңызды ой-толғамдарын жеткізді.

                                                      

      Қазылар алқасының құрамына белгілі айтыскер ақындар мен профессорлық-оқытушылық құрам кірді. Шешім қазылар алқасы мүшелерінің дауыс беруі арқылы қабылданды. Дауыстар тең түскен жағдайда, төрағаның дауысы шешуші болып саналды. Сайыс қорытындысы бойынша ІІІ орынды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Санжар Даярбек иеленді. ІІ орын С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Әли Ермекұлына бұйырды. І орынға Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенті Даниял Болысбек ие болды. Ал бас жүлдені Қорқыт атындағы Қызылорда университетінің студенті Дильназ Ержігіт еншіледі.

                                                                                 

      Айтыс жоғары оқу орындары арасында әріптестік пен достық қарым-қатынасты нығайтуға, шығармашыл жастардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді. Бұл – тек өнер сайысы ғана емес, рухани үндестік пен бірліктің белгісі.

       

       

      Бөлісу: