«Отбасын жоспарлау» тақырыбында психологиялық-ағартушылық кездесу өтті
-
13 мамыр, 2025
Бүгін Менталды денсаулықты дамыту орталығының ұйымдастыруымен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Репродуктивті денсаулық апталығы аясында «Отбасын жоспарлау» тақырыбында студенттер арасында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасын жоспарлау мәдениетін қалыптастыру, жастардың саналы ата-ана болуға психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан дайын болуына ықпал ету, сондай-ақ жеке денсаулықты сақтау, балалардың әл-ауқаты, отбасының тұрақтылығы мен қоғамның орнықты дамуына қосатын үлесі туралы жан-жақты ақпарат беру.
Шара спикері, Менталды денсаулықты дамыту орталығының психологы Әмірова Кәмшат Қарабекқызы отбасын жоспарлаудың тек медициналық немесе материалдық қана емес, ең алдымен психологиялық тұрғыдан дайындықты талап ететін жауапты процесс екенін атап өтті. Спикер өз сөзінде болашақ ата-аналардың эмоционалдық тұрақтылығы, қарым-қатынастағы сенім мен қолдау, отбасы ішіндегі рөлдік үйлесімділік және баланы тәрбиелеуге деген ішкі мотивация сияқты маңызды аспектілерге назар аударды.
Кездесу интерактивті форматта өтіп, студенттер тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, шынайы пікір алмасуға жол ашылды. Қатысушылар өздерінің жеке толғандырған мәселелерін ашық айтып, кәсіби психологиялық кеңес алды. Сонымен қатар отбасы құндылықтары, жас жұптардың бір-біріне психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетуі, стресске қарсы тұру қабілеттерін дамыту туралы практикалық ұсыныстар берілді.
Іс-шара барысында студенттерге арналған ақпараттық-танымдық материалдар таратылып, жауапты қарым-қатынасты насихаттайтын пайдалы деректер ұсынылды.
Бұл шара жастардың тұлғалық және эмоционалдық дамуына, жеке және отбасылық жауапкершілікті арттыруға, сондай-ақ дені сау, саналы ұрпақ тәрбиелеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі психологиялық-ағартушылық жұмыстың маңызды бір бөлігі болып саналады.
Бөлісу: