Тіл – халықтың қуаты
-
28 сәуір, 2025
Университетімізде «Тіл – халықтың қуаты» атты орыс тілі мен әдебиеті білімпаздарының республикалық байқауы өтті. Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының командалары қатысқан, орыс әдебиеті мен мәдениетін терең меңгерген сөз шеберлері арасында жыл сайын ұйымдастырылатын бұл байқау студенттердің шығармашылық және коммуникативтік дағдыларын дамытуға, қоғамдағы көптілділікті нығайтуға, сондай-ақ еліміздің жоғары оқу орындары арасындағы іскерлік және достық қатынастарды дамытуға бағытталды.
Сайысқа үш команда түсті: Азаматтық авиация академиясының «Airbars» командасы, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің «Logos» командасы және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Алау» командасы.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрды: командалардың амандасуы, шешендік өнер сайысы, мәнерлеп оқу сайысы және лингвистикалық викториналар. Қазылар алқасының құрамында «Орыс мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары және Алматы қаласы мектептерінің тәжірибелі мұғалімдері болды.
Жарысқа қатысушылар жоғары сауаттылығымен қатар белсенділігі пен тапқырлығын танытты. Әділ қазылардың бағалауынша, бірінші орынға «Airbars» командасы лайық деп табылды, екінші орынды «Логос» командасы иемденді, ал үшінші орын «Алау» командасына бұйырды.
Байқауға ерекше көрік қосқан жайт — Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінің «Шет тілі ретіндегі орыс тілі» курсында оқитын студенттердің құттықтауы. Алыс шет елдерден (Үндістан, Қытай, Түркия, Ангола және басқа елдерден) келген студенттер біздің білім алушыларды құттықтап, жеңіске жетулерін тіледі.
Бұл сайыс студенттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға, түрлі мәдениеттер мен тілдерге деген құрметті арттыруға ықпал етті.
Бөлісу: