Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған әскери-патриоттық эстафета
-
22 сәуір, 2025
20 сәуір күні Алматы қаласында Ұлы Отан соғысының майдандарында ерлік, табандылық пен жанқиярлықтың символына айналған қазақстандық батыр әйел — Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың жарқын бейнесіне арналған әскери-патриоттық эстафета өтті.
Іс-шараны Алматы қалалық «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің филиалы мен «Меркурий Медет» мамандандырылған оқу орталығы ЖШС Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен бірлесіп ұйымдастырды.
Тарихи жадымызды сақтау, ұлт батырларының ерліктеріне тағзым ету, сондай-ақ жастар арасында патриотизмді, әлеуметтік белсенділікті, азаматтық жауапкершілікті арттыру және қарумен қауіпсіз жұмыс істеу мәдениетін дамыту — эстафетаның басты мақсаты.
Эстафета бағдарламасы аясында қатысушылар спорттық кедергілер жолағынан (орындық пен тосқауылдан өту), страйкбол қаруынан (пистолет пен автомат) ату және бес адамнан құралған командалық жарыстар бойынша өз шеберліктерін сынады. Жеңімпаздар барлық кезеңдерден өту уақыты мен дәлдік ұпайларының жиынтығы негізінде анықталды.
Жарысқа бес жоғары оқу орнынан алты команда қатысып, өзара үздіктерді анықтады. Эстафета нәтижесінде: III орын — Satbayev University командасы, II орын — С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің командасы, жүлделі I орынды QyzPU командасы иеленді.
Бұл әскери-патриоттық эстафета жастарға тарихи сананы қалыптастыру, ерлік дәстүрін жалғастыру және өз еліне деген сүйіспеншілікті арттыру бағытында үлкен серпін берді. Іс-шараға қатысқан барлық жастарға алғыс білдіре отырып, алдағы уақытта да биік мақсаттар мен асқақ мұраттар жолында табыстар тілейміз!
Бөлісу: