Астанада QyzPU жанындағы оқу-әдістемелік бірлестігінің алғашқы көшпелі отырысы өтті



    • Астанада QyzPU жанындағы оқу-әдістемелік бірлестігінің алғашқы көшпелі отырысы өтті

      18 сәуір күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жанындағы оқу-әдістемелік бірлестіктің алғашқы көшпелі отырысы өтті. Басқосу 012 – Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту педагогикасы, 013 – Пәндік мамандандырылмаған мұғалімдерді даярлау, 018 – Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану бағыттары бойынша өтті.

      Көшпелі отырыс аясында жоғары оқу орындарындағы кадрлар даярлау жүйесі, балалардың ерте дамуы мен әл-ауқатын қамтамасыз ету, педагог мамандардың инклюзивті орта құруға дайындығы сынды өзекті мәселелер талқыланды.

      Іс-шара барысында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Әділханұлы Каратабанов білім беру жүйесіне енгізілген жаңа өзгерістерге тоқталып, ЖОО бағдарламаларын нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жаңғырту, силлабус мазмұнын қайта қарау, сондай-ақ Бағалау, Instructional design, Curriculum Design, Classroom Management пәндерін енгізу туралы ұсыныс жасады.

      Сондай-ақ педагогтердің білімін бағалау тест тапсырмаларын қалыптастыру басқармасының басшысы Тұрсынкүл Серікбайқызы Ерсұлтанова тест спецификацияларының сапасын арттыру, мектепке дейінгі білім беру департаментімен және Ұлттық білім академиясымен бірлескен жұмыстың маңыздылығына назар аударды. Әлеуметтік педагогтерге арналған тест пәндеріне өзгеріс енгізу ұсынысы айтылды.

      Назарбаев Университеті жанындағы CARCEIT зерттеу орталығының постдокторанты, PhD доктор, профессор Дэниел Торрано және PhD Лаура Ибраева «Балабақшадағы балалардың әл-ауқатын арттыру» тақырыбындағы зерттеу нәтижелерімен бөлісті.

      Сонымен қатар отырыс аясында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы кадрмен қамтамасыз ету, дуалды білім беру, жоғары оқу орындарындағы инклюзивті орта құру мәселелері қаралды.

      Отырыстың қорытынды бөлімінде ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы базасында тәжірибелік алаң ұйымдастырылып, тәрбиешілер өз тәжірибелерімен бөлісті.

       

      Бөлісу: