K-Lit & Treats: Корей тілінде мәнерлеп оқу байқауының жеңімпаздары анықталды



    • K-Lit & Treats: Корей тілінде мәнерлеп оқу байқауының жеңімпаздары анықталды

      Бүгін Филология институтының Шетел тілдерін оқыту әдістемесі және мәдениетаралық коммуникация кафедрасының ұйымдастыруымен 1–2 курс студенттері арасында корей тілінде мәнерлеп оқу бойынша «K-Lit & Treats» байқауы өтті.

      Іс-шараға Алматы қаласының үш жетекші жоғары оқу орнынан: Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенттері қатысты.

      Сайыс барысында қатысушылар әйгілі корей ақындарының шығармаларын шебер әрі әсерлі жеткізе отырып, өздерінің жоғары деңгейдегі тілдік дайындығын, сахналық шеберлігін және Корея мәдениетіне деген шынайы қызығушылықтарын көрсете білді. Олар әрбір өлең жолына жан бітіріп, көрермендерге терең әсер қалдырды.

      Байқау нәтижесінде ІІІ орынға Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенті Даяна Ерболатова, сондай-ақ Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері Алмен Аяулым мен Қанытбек Назым ие болды. ІІ орын Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Аман Ақбота мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Муратхан Еркежанға бұйырды. Ал І орынды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Сабырбек Мерей жеңіп алды.

      Шара шынайы поэзия мен тіл мерекесіне айналып, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын, корей тілін тереңдетіп оқытудың өзектілігін көрсетті. Сонымен қатар студенттер өздерінің шығармашылық қабілеттерін, әдебиетке деген сүйіспеншіліктерін және достас халықтың мәдениетіне деген құрметтерін танытуға мүмкіндік алды.

      Жеңімпаздарды айтулы жеңістерімен шын жүректен құттықтай отырып, іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан барлық қатысушыларға, қазылар алқасына және қадірлі қонақтарға шынайы алғысымызды білдіреміз!

       

      Бөлісу: