Өндірістік тәжірибе: Болашақ педагог-психологтардың кәсіби құзыреттілігі
-
15 сәуір, 2025
20 қаңтар мен 29 наурыз аралығында және 31 наурыз бен 12 сәуір аралығында «Педагогика және психология», «Психология» білім беру бағдарламасының 3-4 курс білім алушылары Алматы қаласының мектептерінде, әскери мекемелерінде, педагогикалық-психологиялық орталықтарында және балабақшаларында өндірістік іс-тәжірибеден өтті. Бүгін студенттердің алған білімдері мен тәжірибелерін қорытындылау мақсатында конференция ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында студенттер педагогикалық практика кезеңінде жинаған тәжірибелерімен бөлісіп, өзара пікір алмасты. Олар оқушылардың мұқтаждарын түсіну, қарым-қатынас психологиясын меңгеру, жеке дара жұмыс жүргізу тәжірибесі, ата-аналармен байланыс орнату, оқушылардың өзін-өзі басқаруына жағдай жасау, мінез-құлық нормаларын қалыптастыру сынды маңызды дағдыларды игергендерін баяндады. Сонымен қатар студенттер практикаға қатысты өз ұсыныстарын білдірді.
Конференцияға студенттерді қолдау мақсатында тәжірибе базаларынан жауапты мамандар да қатысты. Сонымен қатар шараға «Психология» кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы мен практика жетекшілері қатысып, студенттерге өздерінің жылы лебіздері мен құнды кеңестерін білдірді.
Жиында оқытушылар студенттердің алғырлығы мен білімін жоғары бағалап, олардың болашақта білікті маман боларына зор сенім артты.
Студенттердің өндірістік іс-тәжірибесі олардың теориялық білімдерін практикада қолдануға, кәсіби дағдыларын дамытуға, тұлғалық және кәсіби қасиеттерін жетілдіруге үлкен ықпал етті. Конференция барысында алмасқан тәжірибе мен ұсыныстар болашақ маман ретінде олардың кәсіби өсуіне, сондай-ақ білім беру және психология саласындағы жетістіктеріне жол ашатындығы анық байқалды.
Бөлісу: