QyzPU студенттері әдеби бәйгеде жеңіске жетті
-
14 сәуір, 2025
Алматы қаласы бойынша «Алатау» дәстүрлі өнер театрында жоғары оқу орындарының 1 курс студенттеріне арналған «Кітап – асыл қазына» атты әдеби жоба өтті.
Іс-шараны Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының Қоғамдық даму орталығы ұйымдастырды. Әдеби жоба қазақ әдебиетінің негізін қалаған, даналық пен даралықтың тізгінін ұстаған қазақ зиялыларының мерейтойларына орайластырылып, Әдеби Квест форматында өткізілді.
Сайыс алты кезеңнен тұратын үш бағытты қамтыды: І бағыт – «Тұлға тұғыры» воркшоп-семинары (үй тапсырмасы / презентация қорғау); ІІ бағыт – «Сахна саңлағы» шығармашылық хакатоны (шығармалардан үзінді оқу, сахналық көрініс көрсету, монолог орындау); ІІІ бағыт – «Ұлт ұлағаттары» жағдаяттық тапсырмалар мен функционалдық ойындар (нақыл сөздер, қанатты сөздер мен фразалық тіркестерді өмірде қолдану арқылы студенттердің функционалдық сауаттылығын арттыру).
Тартысты додада 5 команда өзара бақ сынасты. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 1 курс студенттерінен құралған команда жүлделі І орынды жеңіп алып, 150 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа ие болды. Топ жетекшілері – Айдар Жансая Айдарқызы мен Сұлтанова Бибігүл Мынбаевна.
Айта кетейік, сондай-ақ Филология институты, Жаратылыстану институты, Физика, математика және цифрлық технологиялар институты, Әлеуметтік гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының 1 курс студенттері де жарыста ерекше белсенділік танытып, ынталандыру сыйлығы ретінде 70 000 теңгені еншіледі.
Студенттерімізді айтулы жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Әрдайым биік белестерді бағындырып, абыройларыңыз асқақтай берсін!
Бөлісу: