НАУРЫЗ — ДУМАН, НАУРЫЗ — ЖЫР



    • НАУРЫЗ — ДУМАН, НАУРЫЗ — ЖЫР

      Наурыз — жаңару мен жасампаздықтың символы. Табиғат пен тіршіліктің оянған шағында халқымыз ежелден Наурыз мерекесін ерекше ықыласпен атап өткен. Бұл — бірлік пен берекенің, ырыс пен ынтымақтың мейрамы. Ұлыстың ұлы күніне орай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Наурыз – думан, Наурыз – жыр» атты мерекелік шара өтті.

      Іс-шараға Университеттің Директорлар Кеңесінің Төрағасы Омархан Өксікбаев, Басқарма Төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай, QyzPU қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, профессорлық-оқытушылық құрам, ғалымдар, студенттер, магистранттар және докторанттар қатысты.

      Университеттің Директорлар Кеңесінің Төрағасы Омархан Өксікбаев мерекелік шараның бастамасында жиналған қауымға ақ тілегін білдірді.

      «Наурыз мейрамы – ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүрлі әрі ұлық мереке. Жаңа жылдың басталуы баршаңызға құтты болсын! Қазақ халқы бұл күндері «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп тілек білдіреді. Жыл басында басталған игі істер өз жалғасын тауып, мол нәтижелерге жеткізсін. Баршаға даму мен күш-қуат тілеймін. Жаңа жыл – жаңа үміт пен жаңалықтың бастауы. Бүгінгі студент – ертеңгі ұстаз. Ал ұлы ұстаз атану – үлкен мәртебе. Сондықтан да түлектеріміздің елге қосар үлесі зор болсын», – деді Омархан Өксікбаев.

      Наурыздың ұлттық мәні мен маңызын дәріптеген мерекелік жиында қазақтың дәстүрлері ұлықталды. Атап айтқанда, Наурыздың символикалық дәстүрлері: көрісу, наурыз тойлау, жарапазан айту, ақ жаулықты аналардың ізгі ниетпен аластауы, Қыдыр ата батасы, шашу сияқты дәстүрлер көрініс тапты.

      Сондай-ақ QyzPU түлегі, «Ақжайықтың ақ шағаласы» атанған ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығы мен Құрмет орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева Альма-матеріне үлкен сағынышпен келетінін жеткізіп, мерекеге орай жүрекжарды тілегін айтты.

      «Мен әрдайым Қыздар университетіне келген сайын толқимын. Өйткені мен осы университеттің түлегімін. Менің тілегім – қазақ деген ұлы далада мекен еткен ұлттың  қара көз қыздарының тілегі. Мереке құтты болсын! Бақытты болыңыздар! Наурызбен бірге ғажайып өмір келеді. Болашақтарың нұрлы болғай!»,деді Ақұштап Бақтыгереева.

      Наурыз мерекесі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті үшін айрықша маңызға ие. Бұл күн оқу орнының дәстүрлі құндылықтарды ұлықтау және ұрпақ санасына ұлттық рух пен мәдени мұраны сіңіру бағытындағы мақсат-мұратымен үндесті.

      Университет ұжымы Наурызды атап өту арқылы студент жастардың бойында халқымыздың салт-дәстүрлеріне, әдет-ғұрпы мен рухани құндылықтарына деген құрмет сезімін қалыптастыруға ұмтылды. Сонымен қатар мереке оқу орнының ішкі бірлігін нығайтып, тәрбиелік және мәдени миссиясын жүзеге асыруға тың серпін берді.

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

      Бөлісу: