Эстрадалық ән салу өнері: Stage Time
-
11 сәуір, 2025
QyzPU-да Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының Хореография және арт-менеджмент кафедрасының бастамасымен «Эстрадалық ән салу өнері: Stage Time» атты республикалық студенттер байқауы өтті. Байқау ҚР Мәдениет және өнер қайраткері, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, профессор Алпысбай Мырсыдықұлы Көпбаевтың 65 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Шараның негізгі мақсаты – дарынды жастарға шығармашылық қолдау көрсету, эстрадалық өнерді насихаттау және студенттердің бойында мәдени-эстетикалық құндылықтарды қалыптастыру.
Қатысу шарттарына сәйкес, байқауға еліміздегі жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері қатысып, өзара бақ сынасты. Сайыскерлер эстрадалық жанрдағы әндерді жанды дауыста минусовкамен орындады. Сонымен қатар шара аясында тәжірибелі мамандар дауыс ырғағын түзету және дауыс диапазонын ашу бойынша әдіс-тәсілдерімен бөлісті.
Жеңімпаздарға Бас жүлде – 200 000 теңге, І орын – 150 000 теңге, ІІ орын – 100 000 теңге (2 мәрте), ІІІ орын – 50 000 теңге (3 мәрте) көлемінде сыйақы тағайындалды.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар мынадай тәртіпте бөлінді: ІІІ орынға — Нуридин Асамадин (Мұхтар Әуезов атындағы университет, Шымкент қаласы), Бақытбай Байра (Қаскелең мәдениет колледжі) және Айнабек Ернұр (Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Алматы қаласы) ие болды. ІІ орынға — Құдайберген Нұрсұлтан (Мұхтар Әуезов атындағы университет, Шымкент қаласы) және Заманбекқызы Лаура (Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Алматы қаласы) лайық деп танылды. І орынға Ақжан Нұрайлым (Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Алматы қаласы) жетсе, Бас жүлдені Қуан Жұлдыз (Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжі, Алматы қаласы) жеңіп алды.
Эстрадалық ән салу өнері: Stage Time» байқауы дарынды студенттердің шығармашылық әлеуетін ашып, олардың өнер жолындағы жаңа жетістіктеріне жол ашты. Барша жеңімпаздарды айтулы жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Мерейлеріңіз үстем болып, абыройларыңыз арта берсін!
Бөлісу: