QyzPU & MSU: Білім беру сапасын арттыру бағытындағы кездесу
-
11 сәуір, 2025
QyzPU-да 10-11 сәуір күндері Мичиган мемлекеттік университетінің (АҚШ) Білім беру колледжінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен білім беру бағдарламаларының сарапшыларының қатысуымен кездесу өтті.
Білім беру бағдарламаларының мазмұнын әлемдік талаптарға сәйкестендіру және олардың сапасын арттыру — іс-шараның басты мақсаты.
Кездесу қонақтары — қауымдастырылған профессор, PhD дәрежесінің иегері BetsAnn Smith, Білім беру бағдарламаларының үйлестірушісі Samantha Caughlan және бағдарлама үйлестірушісі, Білім берудегі халықаралық зерттеулер кеңсесі директорының орынбасары, PhD Nancy Romig болды.
“Біз Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен серіктеспіз. Біздің негізгі бағытымыз – мұғалімдерді даярлау және көшбасшылықты дамыту. Бұл салада біз АҚШ-та көш бастап тұрмыз. Білім беру үздіксіз дамып отыруы үшін біз әрдайым халықаралық әріптестіктерді іздейміз. Себебі студенттердің академиялық және әлеуметтік қажеттіліктерінің толық қамтамасыз етілуіне біз этикалық тұрғыдан жауаптымыз. Мұндай жауапкершілік тек мектепке дейінгі және бастауыш білім деңгейінде ғана емес, сондай-ақ колледж деңгейіндегі білім беруге де қатысты. Сондықтан осы университеттің факультеттерімен және білім беру бағдарламаларын әзірлеуші мамандарымен тығыз ынтымақтастық орнатқанымызға ерекше қуаныштымыз”,-деді Білім берудегі халықаралық зерттеулер кеңсесі директорының орынбасары, PhD Nancy Romig.
Екі күндік кездесу барысында білім беру бағдарламалары, силлабустардың мазмұны және Мичиган университетінде білім берудің ғылыми зерттеулерге негізделген даму ерекшеліктері талқыланды.
Профессор BetsAnn Smith білім беру процесінің негізгі қатысушылары — мұғалімдер, әкімшілік, ата-аналар, мемлекеттік органдар мен жергілікті қауымдастықтар арасындағы өзара әрекеттестік арқылы АҚШ мектеп жүйесіне тән ерекше тәсілдермен таныстырды.
Ал Білім беру бағдарламаларының үйлестірушісі Samantha Caughlan білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен жетілдіру бойынша практикалық кеңестер берді.Кездесу нәтижесінде тараптар өзара тәжірибе алмасып, оқу үдерісін заманауи талаптарға сәйкестендіруге арналған нақты ұсыныстар әзірледі. Мұндай халықаралық ынтымақтастық болашақта білім беру сапасын арттырып, QyzPU білім алушыларының бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға зор ықпалын тигізеді.
Бөлісу: