Педагогикалық идеялар: кәсіби даму және шығармашылық бастамалар



    • Педагогикалық идеялар: кәсіби даму және шығармашылық бастамалар

      Университетімізде Білім беру теориясы мен практикасы кафедрасының ұйымдастыруымен «Педагогикалық идеялар» байқауы өтті.

      Студенттер мен оқытушылар арасында кәсіби қарым-қатынас орнату, инновациялық педагогикалық идеялармен алмасу, дарынды студенттерді анықтау, жаңа білім беру әдістері мен жобаларын әзірлеуге ықпал ету және білім беру саласындағы ғылыми-зерттеу қызметке қызығушылықты арттыру – байқаудың негізгі мақсаты.

      Кафедра – оқытудың инновациялық әдістерін әзірлеу мен енгізуде маңызды рөл атқаратын, болашақ мұғалімдерді даярлаудың негізгі орталығы. Бұл байқау келешегі зор білім беру бастамалары бар талантты студенттерді қолдауға бағытталды.

      Конкурсқа университеттің барлық институттарында Білім беру теориясы мен практикасы кафедрасының білім беру бағдарламалары бойынша оқитын 1-4 курс студенттері қатысты.

      Байқау 5 бағыт бойынша өткізілді. Бірінші бағытта 21 ғасыр дағдылары – сыни ойлау, шығармашылық, ынтымақтастық және коммуникацияны дамытудың озық тәжірибелері, альфа буынына білім беруді бейімдеуге арналған үздік әдістер мен құралдар, сондай-ақ жұмсақ дағдыларды дамытуға бағытталған ең үздік EdTech жобасы ұсынылды.

      Екінші бағытта әдіснама және әдістер – оқуға деген қызығушылық пен мотивацияны арттыратын үздік жоба және үздік эксперименттік педагогикалық жоба қарастырылды.

       Үшінші бағытта білім берудегі жасанды интеллект – оқуды жақсартуға арналған үздік ЖИ құралы, сондай-ақ ЖИ пайдаланудағы ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін үздік жоба таңдалды.

       Төртінші бағытта білім берудегі көшбасшылық – жастардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға арналған үздік жоба және қыздар мен әйелдердің көшбасшылық қабілеттерін қолдайтын үздік жоба белгіленді.

      Бесінші бағытта білім берудегі этика және құндылықтар – адамгершілік-рухани құндылықтарды тәрбиелеуге арналған үздік жоба және академиялық адалдық пен этикалық мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған үздік жоба ұсынылды.

      «Педагогикалық идеялар» байқауы университеттің білім беру сапасын арттыруға, студенттердің ғылыми-зерттеу қызметіне деген қызығушылығын дамытуға және болашақ мамандарды даярлауға үлкен ықпал етті.

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

      Бөлісу: