ШАХМАТ ӘЛЕМІ: БІЛІМ МЕН ШЕБЕРЛІК



    • ШАХМАТ ӘЛЕМІ: БІЛІМ МЕН ШЕБЕРЛІК

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде  шахмат тек ойын ғана емес, білім беру үдерісінің маңызды бөлігіне айналуда. 18 наурыз күні шахмат әлемінің аңыз тұлғалары – Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Бекзатқызы Дәулетова мен әйелдер арасында Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Қазақстан құрамасы сапында Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының жүлдегері Ксения Балабаеваның қатысуымен шабыттандыратын қонақ дәріс өтті. 

      Спикерлер өздерінің жетістікке жету жолдарымен бөлісіп, шахматтың өмірге тигізетін әсері туралы айтып, шеберліктің құпияларын ашты.  Сонымен қатар шарада Қазақстан шахмат федерациясымен бірлесіп әзірленген бірегей minor бағдарламасы – «Шахмат педагогы» таныстырылды.

      «Бүгін біз Қазақстандағы шахматтың дамуы, оның жастарға тигізетін пайдасы, сондай-ақ ойлау және стратегиялық қабілеттерді дамытудағы рөлі туралы ой қозғадық. Студенттер өте белсенді болды. Биылғы жылдан бастап Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен бірлесіп minor бағдарламасын іске асыратын боламыз»,-деді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.

      Студенттер сарапшылардың тәжірибесінен шабыт алып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қою мүмкіндігіне ие болды. Бұл іс-шара университеттегі шахматтың дамуына тың серпін берді.

      Айта кетсек, QyzPU Қазақстан Республикасындағы шахматты дамытудың Кешенді жоспарын жүзеге асыруға белсенді атсалысып, өскелең ұрпаққа бұл интеллектуалды ойынға деген қызығушылық пен сүйіспеншілікті дарыта алатын мамандарды даярлауда.

      Бөлісу: