Чанаккале жеңісі: Тарихи маңызы мен ұлттық рухты ұлықтау
-
17 наурыз, 2025
Бүгін Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен «Чанаккале жеңісі және шейіттерді еске алу күні» атты маңызды іс-шара өтті. Іс-шараға университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттері және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Бұл шара Чанаккале шайқасының тарихи маңызы мен ұлттық рухын еске алу мақсатында ұйымдастырылды. Жиын Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік әнұрандарын орындаудан басталып, Түркияның Алматыдағы Бас консулы Еврен Мүдеррисоғлу мырзаның құттықтау сөзімен жалғасты. Өз сөзінде Бас консул Чанаккале шайқасының түрік халқының тарихындағы ерекше маңыздылығын атап өтті.
Доцент, PhD Таджеттин Шимшек «12 наурыз – Түркияның Мемлекеттік әнұранының қабылдануы» тақырыбында баяндама жасап, ұлттық гимннің тарихы мен маңыздылығын түсіндірді. Доцент, PhD Зеки Гүрел «18 наурыз Чанаккале және Ұлттық күрестегі Мехмет Акифтің рөлі» тақырыбында баяндама оқыды.
Іс-шара барысында Каспий университетінің студенттері «12 наурыз әнін» орындап, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті студенттері «Чанаккале дастаны» атты өлеңді оқыды. Сонымен қатар Талғар лицейінің оқушылары хор орындап, «Чанаккале» әні мен «Тоқта, жолаушы!» шығармасын шырқады. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері «Чанаккале берілмейді» және «1915 жыл» атты тарихи ораторияларды орындап, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенті «Хат» атты әсерлі оқылым жасады.
Жиын соңында қатысушылар өз әсерлерімен бөлісіп, екі ел арасындағы достық байланыстардың маңыздылығын атап өтті.
Бөлісу: