QyzPU ректоры болашақ педагогтердің іс-тәжірибесімен танысты
-
12 наурыз, 2025
Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры Гүлмира Қанай бітіруші курс студенттерінің білім беру ұйымдарындағы практикасымен танысты. Ол Алматы қаласындағы «Zerdesh school» жеке меншік мектебі мен №176 мектеп-гимназиясында болып, студенттердің Lesson Study жобасы аясында өткізген сабақтарына қатысты.
Практиканттар Гүлнұр Тұрғалиева «Әдебиеттік оқу» пәнінен «Жануарлар туралы не білеміз?», ал Айым Құдайбергенқызы «Ағылшын тілі» пәнінен «Natural Disasters» тақырыптарында сабақ жүргізді. Олар оқушыларды деңгейіне қарай топтарға бөліп, белсенді әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы сабақты тиімді ұйымдастырды.
Ректор Гүлмира Қанай сабақ соңында студенттерге кәсіби бағыт-бағдар беріп, тәжірибелерін одан әрі дамытуға қатысты пікірін білдірді.
Lesson Study жобасы QyzPU қабырғасында соңғы үш жыл бойы пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылып келеді. Оның негізгі мақсаты – болашақ мұғалімдердің зерттеу жүргізу қабілетін арттыру, тәжірибесін жетілдіру және креативті ойлау дағдыларын дамыту. Қазіргі таңда университеттің 275 студенті Алматы қаласындағы 30-ға жуық білім беру мекемесінде іс-тәжірибеден өтуде.
Бұл бастама болашақ педагогтердің кәсіби шеберлігін шыңдап, мектептегі білім беру сапасын арттыруға септігін тигізеді.
Бөлісу: