Түркістан облысының ұстаздарымен кездесу өтті



    • Түркістан облысының ұстаздарымен кездесу өтті

      Бүгін Түркістан облысының ұстаздарымен «Университет-Мектеп: Сенімді Серіктес» тақырыбында мазмұнды кездесу өтті.

      Шараның негізгі мақсаты – университет пен мектептер арасындағы ынтымақтастықты күшейту, білім алушылардың кәсіби дамуына қолдау көрсету, білім беру саласындағы тәжірибелі мамандардан кеңес алу және кәсіби байланыстар орнату мүмкіндіктерін қамтамасыз ету.

      Кездесу барысында  Басқарма Төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай «Мұғалімдерде көшбасшылықты дамыту» тақырыбында сөз сөйлеп, маңызды ойларымен бөлісті. Сондай-ақ университеттің Академиялық бөлім басшылары «Білім беру бағдарламаларын жобалау ерекшеліктері», «Жоғары оқу орындарына оқуға түсу шарттары», «Қайта даярлау және педагогикалық білімді арттыру мүмкіндіктері» тақырыптарында құнды ақпарат берді.

      Жиынға қатысушылар білім саласындағы өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мазмұнды әрі нақты жауаптар алды. Іс-шара соңында қонақтар университеттің Жаратылыстану бағыты бойынша ашылған зертханаларын аралап, білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысты.

      Түркістан облысының білім беруді дамыту орталығы, орта білім беру бөлімінің меңгерушісі Бекет Үсенбекұлы Өтеген кездесуге жоғары баға беріп, өз ойымен бөлісті: «Түркістан облысының Білім басқармасы мен Daryn Teacher ізгілікті ұстаздар қауымдастығы бірлесіп, Халықаралық оқыту курсын іске қосты. Осы курс аясында бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне арнайы экскурсия ұйымдастырылып, кампус-тур және университет басшылығымен кездесу өтті. Осы орайда, өз уақытын бөліп, ұстаздарымызға «Көшбасшылық» тақырыбында дәріс оқыған университет ректоры Гүлмира Қанайға және университеттің негізгі миссиясы, қайта даярлау бағдарламалары мен білім беру мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат ұсынған университет мамандарына зор ризашылығымызды білдіреміз».

      Бұл кездесу ұстаздар қауымы үшін өзекті ақпаратпен бөлісіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген маңызды шара болды. Мұндай басқосулар білім сапасын арттыруға, педагогтардың кәсіби дамуына және болашақтағы білім беру үрдістерін жетілдіруге ықпал ететіні сөзсіз.

       

      Бөлісу: