QyzPU-да химия мен география бағытындағы дәрісханалардың салтанатты ашылу рәсімі өтті



    • QyzPU-да химия мен география бағытындағы дәрісханалардың салтанатты ашылу рәсімі өтті

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде химия мен география бағытындағы дәрісханалардың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оның бірі – Қазақстан география ғылымының дамуына үлес қосқан профессор Әлім Бірмағамбетовтің атына, екіншісі – Қазақстандағы химияны оқыту әдістемесінің дамуына елеулі үлес қосқан педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Абдулла Мырзабайұлының атына берілді.

      Ашылу рәсіміне Университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Нұртайұлы, педагогика ғылымының кандидаты, география кафедрасының профессор міндетін атқарушы Мамирова Қулаш Нұрбергенқызы және профессор Абдулла Мырзабайұлының жұбайы Еркін Турбековна қатысып, қызыл лентасын қиды.

      «Мұғалім балаларға дәріс беретін болғандықтан, оның білімі зор болуы керек. Бүгінгі таңда мектептерде техникалық жабдықтау жоғары деңгейде. Студенттеріміз сол жабдықтармен жұмыс істей алуы тиіс. Білімді мұғалімнен жоғары білім алатын болса, олардың еліміздің экономикасына қосар үлесі мол болады. Міне, осының бәрін ескеріп, зертханаларды барлық пәндерге қатысты жаңартуды мақсат етіп қойдық. Мен университет оқытушылары мен студенттеріне сенемін. Осы салада оларға тиянақты жұмыс тілеймін», – деді Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Өксікбаев.

                                                  

      Әлім Бірмағамбетов – 1960 жылдың қыркүйек айынан бастап университеттің жаратылыстану – география факультетіне қызметке ауысып, 50 жылдан астам уақыт жемісті еңбек етті. Бұл ғалым – педагогтың география ғылымына және өз мамандығына деген шынайы сүйіспеншілігінің айғағы. Профессор 250-ден астам ғылыми еңбектер жазды. Солардың ішінде мектепке арналған 7 оқулық, оқу құралдары мен оқу бағдарламалары бар.

      Әлім Бірмағамбетұлы атындағы дәрісхана ғалымның ғылым мен география білімін дамытудағы қажырлы еңбегін дәріптеу мақсатында ашылды. Бұл дәрісханада студенттер география саласындағы білімдерін жетілдіріп, жаңа зерттеулерге бет бұра алады.

      «Бүгін біздің институтымызда елеулі әрі қуанышты күн болып отыр. Әлім Бірмағамбетовтің құрметіне география әдістемелік кабинеті ашылып, оның еңбектері мен ғылым жолындағы жетістіктері, білім алушыларға көрсеткен шапағаты арнайы QR код арқылы кабинетке ілініп, студенттеріміз үшін үлкен мүмкіндіктер ашылып отыр. Бұл кабинет студенттер үшін құтты ұяға айналатынына сенімдіміз. Себебі Әлім Бірмағамбетов қазіргі таңға дейін біздің магистранттар мен докторанттарымызға ғылыми әдістемелік еңбектерін ұсынып, ұстаздық жолдан әлі де талмай, ұлы тұлға болып жанымызда жүр. Әлім Бірмағамбетовтің еңбегі университетіміз үшін аса маңызды», – деді Жаратылыстану институтының директоры Гаухар  Байташева.

      Сондай-ақ шараға ғалымның жақын туыстары да қатысты. Университет басшылығына алғыс білдіріп, болашақ географ мамандарға сәттілік тіледі.

                                                                                 

      «Бұл кабинеттің маңызы өте зор. Ол кісінің Қазақстанға арналған еңбектері, түрлі ғылыми зерттеу жұмыстары, мектепке арналған оқу құралдары, оқушыларға арналған хрестоматиялары мен әртүрлі кітаптары студенттерге  үлкен әсерін тигізеді деп ойлаймын. Өз тарапымнан университет басшыларына және әріптестеріме алғысымды білдіремін», – деді Әлім Бірмағамбетұлының келіні, педагогика ғылымының кандидаты, география кафедрасының профессор міндетін атқарушы Мамирова Қулаш Нұрбергенқызы.

      Абдулла Мырзабайұлы атындағы химия дәрісханасы ғалымның  Қазақстандағы білім саласындағы еңбек ету жолы мен қызметін,  химияны оқыту әдістемесінің дамуындағы елеулі еңбектерін дәріптеу мақсатында ашылды.

      Абдулла Мырзабайұлы – 1960 жылы Химия кафедрасына аға оқытушылыққа қабылданған. Институтқа келген соң химияны оқыту  әдістемесінен сабақ бере жүріп, ғылыми жұмыстармен айналысқан. Химияны оқыту әдістемесі бойынша орыс тілінде шыққан негізгі оқуылықтарды қазақшаға аударды. Студенттердің химия пәнін тереңірек меңгеруіне және тәжірибелік білімдерін жетілдіруіне мүмкіндік беретін 20-дан астам әдістемелік құралдарды жазып шығарды.

                                                  

      «Абдулла Мырзабайұлы тек  ұстаз емес, ұлы тұлға деп атағым келеді. Ғалымның еңбегі мәңгілік, себебі біздің университетімізде 47 жыл еңбек еткен ағайымыз жиырмадан аса әдістемелік құрал жазып, студенттерімізге химияны игерудің нақты жолын көрсетіп, білім алушыларға мол мұра қалдырды. Абдулла Мырзабайұлының еңбектері университетіміздің кітапханасында сақталып, студенттеріміздің зерттеу жұмыстарында қолданылуда», – деді Жаратылыстану институтының директоры Гаухар  Байташева.

      Дәрісхана студенттердің химия пәнін тереңірек меңгеруіне және тәжірибелік білімдерін жетілдіруіне мүмкіндік береді. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, студенттердің практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған.

      Аталған дәрісханалар студенттердің сапалы білім алуына, ғылыми-зерттеу дағдыларын қалыптастыруына және кәсіби құзыреттерін арттыруына зор ықпал етпек.

       

      Бөлісу: