«Үздік оқытушы»: Жарқынбике Сүлейменова
-
25 қаңтар, 2021
АЛМАТЫ. 25 қаңтар. Баспасөз орталығы – «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болған Жарқынбике Сүлейменова кім? Ол Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде білікті маман даярлауда және оқу орнының ғылыми әлеуетін көтеруде қандай еңбек сіңірді?
Жарқынбике Сүлейменова 1963 жылғы 26 желтоқсанда Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген. 1979 жылы Қазалы ауданындағы сегізінші сыныпты бітірген соң, Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищеде білім алады. 1983 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетіне түсіп, оқу орнын 1987 жылы үздік бағамен бітірген.
Еңбек жолын 1987 жылы Павлодар педагогикалық институтының аға оқытушысы қызметінен бастайды. 1989-1990 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының ізденушісі, 1990-1993 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының аспирантурасында оқып, білімін жетілдіреді. 1993 жылдан бері күні бүгінге дейін Қыздар университетінде аға оқытушы, доцент, ғалым хатшы, декан орынбасары, кафедра меңгерушісі, профессор қызметтерін абыроймен атқарды.
Ж. Сүлейменова 1993 жылы профессор С. Исаевтың жетекшілігімен «Оқу орыс тілінде жүретін мектепте қазақ тілінен етістікті оқыту» тақырыбында кандидаттық диссертациясын, 2005 жылы профессор Н. Оралбайқызының жетекшілігімен «Қазіргі қазақ тілі морфологиясын жоғары мектепте оқытудың ғылыми-теориялық негіздері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Ғалымға 2010 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен педагогика мамандығы профессоры ғылыми атағы берілді.
Ғалымның зерттеулері жоғары білім беру жүйесі мен орта мектептің өзекті мәселелеріне, қазақ тілінен білім беру мазмұнын анықтауға, жоғары мектепте қазақ тілі мамандарын сапалы даярлаудың әдіснамалық, әдістемелік мәселелерін талқылауға, қазақ тілі морфологиясын оқытудың теориясы мен тәжірибесіне, оқытудың жаңа технологиялары мен жаңа әдістемелік тәжірибелерін жинақтауға арналған.
Жарқынбике Сүлейменова Ресей, Польша, Қытай, Түркия сынды мемлекеттерде өткен ғылыми конференция, симпозиумдар мен форумдарда жоғары білім беру жүйесі мен тіл білімі терминдері, түркілік ортақ терминологиялық қор мәселелері бойынша талқылауларға қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісіп келеді. Ғалым 2012-2016 жылдары Түркия Республикасы Нийде Өмер Халисдемир университетінің шақыруымен Түркі тілдері мен әдебиеті бөлімінде профессор қызметін атқарып, дәріс оқыды және ғылыми жұмыстарға жетекшілік етті. Сондай-ақ ғалым бірнеше халықаралық ғылыми жобаларға қатысып, түркі мәдениеті мен тілдерінің дамуына өз үлесін қосуда.
Ол Қазақстанның өркениетін дамытуда жас ғалымдарды даярлауда да жемісті еңбек етуде. 2018 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жанынан ашылған «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология» мамандықтары бойынша PhD докторы академиялық дәрежесін алу, докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің төрайымы қызметін атқарды. Жарқынбике Сүлейменованың жетекшілігімен бірнеше докторант пен магистр дайындалды.
Ж. Нуайқызы Алматы қалалық және облыстық біліктілікті жетілу институттарында авторлық курстар бойынша дәріс оқып, өз тәжірибесімен бөлісіп келеді.
Ғалым-ұстаздың ғылым, білім саласындағы елеулі еңбектері ескеріліп, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атақтарымен, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің дамуына қосқан үлесі үшін «Құрмет белгісі» медалімен және Түркия Республикасының «Түркі әлеміне еңбегін сіңірген қайраткер» сыйлығымен марапатталды.
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі
Байланыс телефоны:+7 727 237 00 07
e-mail:kyzdaruniversity_press@gmail.com
Бөлісу: