QyzPU халықаралық саммитте «STARS AWARD» марапатына ие болды
-
06 қараша, 2024
5 қараша күні Қытайдың Макао қаласында өткен QS Higher Ed Summit: APAC 2024 халықаралық саммитінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті беделді «STARS AWARD» марапатына ие болды.
Салтанатты марапаттау рәсімінде университетті Стратегиялық даму және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жанар Рысбекова таныстырды.
QS Stars қатаң аудитінің нәтижесінде университет төрт жұлдызға ие болды. Бұл – оның академиялық ортаны дамытуға қосқан зор үлесі мен білім беру сапасының жоғары стандарттарына деген ұмтылысын айқындайды.
Аудит нәтижесінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті келесі негізгі бағыттар бойынша жоғары бағаланды: Жұмыспен қамту — 5 жұлдыз; Тиімді басқару — 5 жұлдыз; Оқыту сапасы — 4 жұлдыз; Бағдарлама күші: Шет тілі (екі шет тілі) — 4 жұлдыз.
Бұл нәтижелер университеттің аталған бағыттардағы мықты ұстанымдары мен білім беру ісіндегі жетілдіруге деген ынтасын айғақтайды.
QS Stars жүйесі — университеттерді көптеген негізгі көрсеткіштер бойынша бағалайтын әлемге танылған рейтинг. Аудит барысында университеттерге академиялық сапа, халықаралық қатынастар, тұрақты даму және студенттерге қолдау көрсету деңгейлерін бейнелейтін жұлдыздар беріледі. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті осы бағыттарда елеулі жетістіктерге қол жеткізді, бұл оған төрт жұлдыз алып, әлемдік білім беру аренасындағы жоғары стандарттары мен жетістіктерінің мойындалуына жол ашты.
QS Higher Ed Summit: APAC 2024 саммиті білім беру саласындағы жетекші мамандарды, университет басшыларын және сарапшыларды жоғары білімнің болашағын талқылау және үздік тәжірибелермен алмасу үшін жинайды. Саммит барысында Азия-Тынық мұхит аймағындағы жоғары білім саласының басты трендтері, сын-қатерлері және мүмкіндіктері талқыланып, тәжірибе алмасу мен халықаралық байланысты нығайту үшін маңызды алаңға айналады.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің QS Higher Ed Summit: APAC 2024 саммитіне қатысуы және «STARS AWARD» марапатын иеленуі — университеттің білім беру мен тұрақты даму саласындағы еңбегінің мойындалуы ғана емес, сондай-ақ әлемдік аренадағы орнын нығайтуға жасалған маңызды қадам болып табылады.
Бөлісу: