Республикалық конкурста QyzPU студенттері үздік деп танылды
-
29 қазан, 2024
Қазан айының 17-18 күндері Түркістан қаласының Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, жоғары оқу орын студенттері арасында республикалық «Индустрия 4.0: Креативті студент» конкурсы өтті. Конкурс «Индустрия 4.0 жағдайында студенттердің креативтілігін STEM білім беру негізінде дамыту» ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылды.
Аталмыш іс-шарада Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университет, Шоқан Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және тағы басқа 10-нан аса жоғары оқу орынның студенттері бақ сынады.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінен «Физика» білім беру бағдарламасының 2 курс студенті Ақбота Кеңесбек және 3 курс студенттері Гүлстан Әбсәлімова мен Ақжарқын Батырбек өз ғылыми жобаларын қорғады. Оларға математика және цифрлық технологиялар институты, физика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Түгелбаева Гүлназия Түгелбаевна мен жаратылыстану ғылымдарының магистрі Мағжан Әбділлә жетекшілік етті.
Конкурстың І кезеңіне Республиканың жоғары оқу орындарынан келіп түскен 100-ден аса ғылыми жоба бойынша өтінімдердің арасында QyzPU студенттерінің де жобалары үздік деп танылды.
Атап айтсақ, Ақбота Кеңесбек «Экскаваторларды автоматтандыру және тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллектті пайдалану» жобасы бойынша «Инновациялық идеялар көшбасшысы» номинациясы сертификатымен марапатталды. Гүлстан Әбсәлімоваға «Математикадан механикаға ауысу механизмі» жобасы бойынша, ал Батырбек Ақжарқынға «Механикалық қозғалыс заңдылықтарының математикалық интерпретациясы» тақырыбы негізінде «Ең үздік пән аралық зерттеу» номинациясының сертификаттары берілді. Ғылыми жетекшілері Түгелбаева Гүлназия Түгелбаевна мен Әбділлә Мағжан Әкімжанұлына алғыс хат табысталды.
Студенттердің өнеркәсіптік білімдерін қалыптастыру, креативті өнім жасауға деген ынталарын, сондай-ақ, интеллектуалды қабілеттерін айқындау, ғылыми-зерттеу жұмыстарына ұмтылысын жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған конкурс білім алушыларымыздың шығармашылығы мен пәнге қызығушылыгын арттыра түсті.
Бөлісу: