Білім алушылар жатақханаға орналастырылуда



    • Білім алушылар жатақханаға орналастырылуда

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде студенттердің салауатты өмір сүруіне және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылады. 

      Университет құрамында 7 және 2 жалға алынған Студенттік үй бар. Олар оқу ғимараттарынан 5-10 минуттық жерде орналасқан. Жалпы сыйымдылығы – 4 314 орын. 1 курсқа қабылданған студенттердің сұранысы бойынша 4082 адамға жатақханадан орын бөлінді. 

      Сондай-ақ әлеуметтік осал топ категориясына кіретін 302 жоғары курс студенті және белсенді 208 білім алушы Комиссия отырысының шешімімен  Студенттер үйіне орналастырылды.  Барлығы жататын орындарын өз қалауларынша «Hero Stady Space» жүйесі арқылы онлайн таңдаған. 

      Университет жатақханалары барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда ыстық және суық сумен жабдықталған жуыну бөлмесі, оқу залы, компьютерлер, асхана, сондай-ақ кір жуғыш машина, тоңазытқыш, микротолқынды пеш сияқты тұрмыстық техникалар да бар. 

      Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының 1 курс студенті Мырзағали Айым жатақхана жөнінде: «Студенттер үйі көңілімнен шықты, кең әрі жайлы. Бұл жерден өзіме жаңа таныстар да таптым. Бәрі мейірімді, жылы жүректі жандар екен», – дейді.

      Ішкі тәртіп ережесіне сай кәмелетке толмаған білім алушыларға сағат 22.00-ден 06.00-ге дейінгі кезеңде оның ата-анасының немесе қамқоршысының қазіргі уақытта жарамды нотариалды куәландырылған сенімхаты болған кезде ғана Студенттер үйінен шығуға рұқсат етілген. Мұнда спирттік ішімдіктерді ішуге, уытты және психотроптық заттарды сақтауға, сондай-ақ құмар ойындар ойнауға қатаң тыйым салынады. 

      Студенттер үйінде жастардың рухани дамуына да ерекше көңіл бөлінген. Білім алушыларды ынталандыру мақсатында патриоттық және бұқаралық, мәдениет пен өнер бағыттарына араналған шаралар жиі ұйымдастырылады. Сонымен қатар студенттер арнайы демалыс және оқу бөлмелеріне барып, уақыттарын қызықты әрі пайдалы өткізе алады.

      Бөлісу: