2020: ақпараттық-имидждік бағытта не істелді?



    • 2020: ақпараттық-имидждік бағытта не істелді?

      АЛМАТЫ. 30 желтоқсан. Баспасөз орталығы – 2020 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қоғамдағы жағымды беделін қалыптастыруға бағытталған PR-кампанияларды жүзеге асыру мен оқу орнының қызметін жан-жақты ақпараттық қамтамасыз ету және имиджін көтеру бағытында қандай жұмыстар істелді? Жетістіктер бар ма? Университеттің баспасөз хатшысы – баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Жандар Асан осы орайда атқарылған жұмыстарға шолу жасады.

       

      816 ИМИДЖДІК ЖАРИЯЛАНЫМ ЖАРЫҚ КӨРДІ

      2020 жылы халықаралық, республикалық және аймақтық БАҚ-та Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті туралы жалпы саны 816 ақпараттық-имидждік бағыттағы жарияланым жарық көрді. Оның ішінде аталған мерзім аралығында телеарналар эфирінен 46 телесюжет пен бағдарлама, мерзімді басылымдарда 266, сайттар мен порталдарда 495 және радиоларда 9 материал берілді.  Сонымен қатар БАҚ-та профессор-оқытушылар мен қызметкерлердің 18 жарияланымы шықты.  Имидждік бағыттағы материалдар негізінен 40-тан астам республикалық және халықаралық ақпарат құралдарында тұрақты жарық көрген.

      ****

      УНИВЕРСИТЕТТІҢ РЕСМИ САЙТЫ – ОҚУ ОРНЫНЫҢ БЕТ-БЕЙНЕСІ

      2020 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің www.kazmkpu.kz ресми интернет-ресурсының «Жаңалықтар» категориясындағы ақпараттық контент (жаңалықтар, хабарландыру) қазақ орыс және ағылшын тілдерінде күнделікті жаңартылып отырды. Өткен оқу жылында сайтқа жалпы саны 1 397 ақпарат орналастырылды. Бұл көрсеткіш 2019 оқу жылының сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары.

      ****

      4 МЫҢНАН АСТАМ АҚПАРАТТЫҚ-ТАНЫМДЫҚ МАТЕРИАЛ ЖАРИЯЛАНДЫ

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларына 2020 жылы жалпы саны 4 381 ақпараттық-танымдық материал жарияланды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары. Бүгінде оқу орнының Facebook, Instagram, Twitter, Telegram, Vkontakte және YouTube желілеріндегі парақшалары мен арнасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде күнделікті ақпарат таратады. Аталған желілерге жазылғандардың жалпы саны 10 мыңнан астам адамды құрайды.

      ****

      РЕКТОРДЫҢ 100-ГЕ ЖУЫҚ ИМИДЖДІК МАТЕРИАЛЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

      Биыл Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенованың халықаралық және отандық БАҚ-та 84 мақаласы мен сұхбаты жарық көрді. Атап айтқанда, осы кезең аралығында оқу орны басшысының қатысуымен 9 телесюжет пен бағдарлама эфирден беріліп, мерзімді басылымдар мен ақпарат агенттіктерінде 75 имидждік бағыттағы жарияланым шықты.

      ****

      «QYZDAR ÝNIVERSITETI» ГАЗЕТІ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ҚАМТИДЫ

      Коронавирус індетіне орай елімізде карантин жағдайы енгізіліп, университет білім алушылары қашықтан оқу жүйесіне көшкенге дейін «Qyzdar Ýniversiteti» газетінің бірнеше саны жарық көрді. Басылым тек оқу орнындағы ақпараттар мен жаңалықтарды жариялаумен ғана шектелмей, білім және ғылым саласындағы маңызды да өзекті мәселелерді қамтыған материалдарды қамтуды қолға алды.

      ****

      ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС – МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

      2020 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларына азаматтар тарапынан жалпы саны 2 мыңға жуық өтініш пен сауал келіп түсті. Барлық арыз-өтініштің 80-90 пайызы оқу үдерісі мен әлеуметтік мәселелерге қатысты болса, қалған 5 пайызы – алғыстар мен құттықтаулар және оқу орнының басшысының атына жолданған лебіздер.

      ****

      АҚПАРАТТЫҚ-ДИЗАЙНДЫҚ РЕБРЕНДИНГ ЖАСАЛДЫ

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «kazmkpu.kz» ресми интернет-ресурсы жаңарып, оның ақпараттық-дизайндық контентіне ребрендинг жасалды. Мақсат – азаматтарға қажетті ақпараттың қолжетімділік деңгейін арттыру және ресурсты заман талабына сай дамыту.

      ****

      ҚЫЗДАР УНИВЕРСИТЕТІ КӨШ БАСТАДЫ

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары бойынша мемлекеттік ЖОО-лары арасында жүргізілген сараптама нәтижесі бойынша да тұрақты түрде үздіктер сапынан орын алды. Атап айтқанда, ҚызПУ әлеуметтік желілерде ақпарат тарату мен оны БАҚ-тарда жариялау бойынша оң көрсеткіштерге қол жеткізді.

      ****

      ҚЫЗПУ-ДЫҢ РЕСМИ АККАУНТТАРЫ ҮЗДІК ДЕП ТАНЫЛДЫ

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Facebook және Vkontakte әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшалары ақпараттық тартымдылығы жағынан үздік деп танылды. Бұл туралы «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған жиында мәлім болды. Сараптаманы қазақстандық «TV Media Digital» компаниясының «TVM SMM» агенттігі жүргізген. Зерттеуге Қазақстанның 70 мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындары қатысқан. Сараптама «Тартымдылық коэффициенті (ER)», «Жазылушылар саны», «Ресми аккаунттарды безендіру» және «Жарияланымдар саны» параметрлері бойынша жүргізілді. «Тартымдылық коэффициенті (ER)» басымдығы бойынша Қыздар университетінің  Facebook-тағы ресми парақшасы 13,2 пайыз, Vkontakte-дағы ресми парақшасы 1, 36 пайыз көрсеткіш көрсетіп, топ бастаған.

      ****

      ТАНЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСТЫ

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында «Қыздар университеті: тарих пен таным», «Дара университеттің даңқты түлектері» атты танымдық жобалар бастау алды. Интернет жобалардың мақсаты – бірегей білім ұясының төл тарихынан кеңінен ақпарат беру, қарашаңырақ оқу орнының ғылым, білім беру, мәдениет және өзге де салаларда елеулі еңбек етіп жүрген түлектерінің азаматтық келбетін, олардың атқарған қызметтері мен игілікті істерін жастар арасында насихаттау.

      ****

      ЭНЦИКЛОПЕДИЯЛЫҚ ЖИНАҚ ЖАРЫҚ КӨРДІ

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Ұлттың ұлағатты ұясы» атты анықтамалық-танымдық жинақ жарық көрді. Энциклопедиялық еңбекте еліміздегі педагог кадрларын даярлайтын іргелі орталықтың бірі – Қыздар университетінің еліміздің ғылым, білім беру және мәдениет саласында елеулі еңбек етіп жүрген түлектерінің азаматтық келбеті, олардың атқарған қызметтері мен игілікті істері баяндалған.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com

       

      Бөлісу: