«JOB FAIR -2024» Бос орындар жәрмеңкесі өтті
-
20 мамыр, 2024
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Кәсіби практика және мансап» бөлімінің ұйымдастыруымен «JOB FAIR -2024» атты дәстүрлі Бос орындар жәрмеңкесі өтті.
Іс шара мақсаты - университет түлектері мен жұмыс беруші арасында тікелей байланыс орнатып, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу. Жәрмеңкеде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі Басқарма мүшесі-проректор Қымбат Балажанова сөз сөйлеп, жәрмеңке қатысушыларына алғысын білдірді.
Университеттің еңбек нарығында сұранысқа ие білім беру бағдарламалары бойынша ұлттық университеттер арасында топ жарып жүргенін, жұмысқа орналасу көрсеткіші 95% көрсететіндігін атап өтті. «Кәсіби практика және мансап» бөлімінің басшысы Асел Алшынова жұмыс берушілерге университет жайында және түлектерге қатысты бірқатар маңызды деректермен бөлісті. Аталған шараға түлектер білім беру бағдарламалары бойынша дәріс залдарына бөлініп, бітіруші түлектер мен жұмыс берушілер арасында ортақ алаң жұмыс жасады. Жұмыс берушілерге түлектердің түйіндемелері, портфолиосы ұсынылды.
Түлектерді қызықтырған бос орындар туралы толық ақпарат берілді. «Заманауи мектеп-бұл жаңа идеялар мен инновациялық технологиялар мектебі» тақырыбында заманауи мектептер үлгісінің таныстырылымы өтті. Атап айтсақ Іле ауданының «Менің мектебім» орта мектебі (Алматы облысы) , Quantum tech жеке меншік мектебі(Астана қаласы) , NGS жаңа ұрпақ мектебі (Алматы қаласы), GRANT жеке меншік мектебі (Түркістан облысы), «Заман» элиталық қазақ мектебі, Ұлытау облысының мектептері өз мектептерінің әлеуетімен таныстырды.
Аталған шараға Республика бойынша 130 дан астам білім беру ұйымдары, облыстық білім басқармалары, аудандық білім бөлімдері, орта білім беру ұйымдары (Алматы қаласы, Астана қаласы, Ұлытау облысы, Түркістан облысы) сонымен қатар Алматы облысының аудандары, заманауи жеке меншік мектептер, академиялар, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қатысты. Бітіруші түлектерге Республика бойынша 2000 нан аса бос жұмыс орындары ұсынылды.
Бөлісу: