QYZPU-дың 80 жылдық мерейтойына орай 1974 жылы бітрген түлектермен кездесу өтті
-
20 мамыр, 2024
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Мектепке дейінгі білім беру» кафедрасының ұйымдастыруымен университет бітіргеніне 50 жыл толған 1974 жылы бітірген түлектермен кездесу өтті.
1971 жылы филология факультетінде «Педагогика және психология (мектепке дейінгі)» мамандығы бойынша Мектепке дейінгі педагогика кафедрасы құрылды. Оның алғашқы түлектері бүгінде мектепке дейінгі тәрбие саласының дамуына зор үлес қосқан тұлғалар. Білім беру саласында ерекше құрметке ие болған түлектеріміз тәрбиешілер, мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері, инспекторлар, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары, мектеп директорлары, ғалымдар, профессорлар, колледждер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары қызметін атқарған. Түлектеріміз М.Әуезов атындағы, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгілер, «Жаңа Қазақстан парасатты тұлғасы», «ҚР Білім беру ісінің үздігі», Құрмет грамоталары және Алғыс хаттар мен медальдардың иегері.
Жиын барысында Басқарма Төрағасы - Ректор Гүлмира Әмірханқызының бұйрығымен университеттің 80 жылдық мерейтойына орай атқарған абыройлы қызметі үшін Кулятай Альмагамбетова «Университеттің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ университет түлектеріне арнайы сыйлықтар табысталды.
Түлектер қызықты оқиғаға толы студенттік өмір туралы естеліктерімен бөлісіп, өткен күндеріне ризашылықпен қарап, университет басшылығы мен оқытушы-профессорлар ұжымына шексіз алғыстарын білдірді. Балаларды ерте жастан дамыту және отбасын зерттеу орталығының дамуына өз үлестерін қосуға ниеттерін білдіріп, QYZPU-дың дарынды студенттеріне ақыл кеңестерін айтты.
Бөлісу: