QYZPU мен БҰҰ бірлесіп магистратураға арналған жаңа білім беру бағдарламасын ашады
-
02 ақпан, 2024
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті «Гендерлік зерттеулер» мамандығы бойынша магистратураға арналған жаңа білім беру бағдарламасын ашады. Осылайша Қазақстанда тұңғыш рет гендерлік зерттеулермен айналысатын ғалымдар дайындалатын болады. Жоба Қазақстандағы БҰҰ-Әйелдер кеңсесінің қолдауымен жүзеге асырылады.
Жобаны талқылау мақсатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне Қазақстандағы БҰҰ-Әйелдер кеңсесі басшысының міндетін атқарушы Дина Амришева келді. Халықаралық ұйымның өкілі ректор Гүлмира Қанаймен кездесіп, Қазақстанның жоғары оқу орындарында гендерлік академиялық курстар мен магистратура бағдарламаларын енгізу арқылы гендерлік теңдік саласындағы мамандардың санын арттыруды талқылады. Осылай БҰҰ гендерлік теңдік стандарттарын енгізу үдерісін жеделдетуді көздеп отыр.
«Гендерлік зерттеулер» магистратураға арналған жаңа білім беру бағдарламасы Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің стандарттарына бейімделеді. Бағдарлама 2025 жылы іске қосылады деп күтілуде.
Айта кетейік, БҰҰ-Әйелдер ұйымының бұл бастамасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асуда. Нәтижесінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті гендерлік зерттеулерді енгізген Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу ордасы болмақ.
Бөлісу: