QYZPU-дің 3 оқытушысы жылдың үздігі атанды



    • QYZPU-дің 3 оқытушысы жылдың үздігі атанды

      Биология кафедрасының қауымдастырылған профессоры м.а., PhD Анар Қалиева, орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры м.а., филология ғылымдарының кандидаты Ғибадат Орынханова және қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Бибігүл Сұлтанова «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2023» байқауының жеңімпазы атанды. Алға суырылып шыққан үздіктерді Ғылым және жоғары білім министрінің атынан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай салтанатты түрде құттықтады.

      Жыл үздігі атанған жеңімпаздардың әрқайсысы 2000 АЕК көлемінде сыйақы алады. Оған қоса арнайы төсбелгімен марапатталады. Айта кетейік, байқау ҚР ҒЖБМ ақпараттық жүйесі базасында өтті, ол арқылы қатысушылар барлық кезеңдердің ашықтығын байқай алды.

                                                          

      Республика бойынша «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2023» байқауына 80 жоғары оқу орнынан барлығы 768 үміткер қатысқан. Нәтижесінде 43 университеттен 150 оқытушы жеңімпаз атанды. Үздіктерді республикалық конкурстық комиссия таңдады. Комиссия құрамына үкіметтік емес ұйымдар, жоғары оқу орындары қауымдастығының өкілдері және білім беру саласындағы сарапшылар кірген болатын.

      Конкурста оқытушылардың электрондық оқу ресурстарын, материалдарды әзірлеу және жариялау, отандық және халықаралық журналдарда ғылыми жарияланымдар, өнертабысқа патенттердің болуы, сондай-ақ оқыту сапасы, бакалавриат, магистратура және докторантурада кадрлар даярлау жөніндегі жұмысы бағаланды.

                                                                                

       

      Бөлісу: