Көзінің тірісінде аңызға айналған Асанәлі Әшімов арулардың ақ ордасына келді
-
13 желтоқсан, 2023
Дүниежүзіне танымал театр және кино актеры, режиссер, өнер қайраткері, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің құрметті қонағы болды. Аты аңызға айналған кино тарланы қазақ детективінің атасы – Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай түрік тіліне аударылған шығармалар жинағының тұсаукесеріне арнайы келген еді. Белгілі жазушының таңдамалы шығармаларының аудармасы түркі әлемінің ЮНЕСКО-сы ретінде қабылданған халықаралық Түріксой ұйымының қолдауымен Анкарада жарық көрген болатын.
Түрік тіліне аударылған жинақта Кемел Тоқаевтың детектив жанры оқырмандарының жүрегінен орын алған "Сарғабанда болған оқиға", "Түнде атылған оқ", "Қастандық", "Таудағы жаңғырық" сынды шытырман оқиғаларын табуға болады. Ал Асанәлі Әшімовтың бұл тұсаукесерге қатысуы тегін емес. Кинода Бекежан сынды жалындаған кейiпкердiң рөлiн керемет етiп сомдаған Асанәлi Әшiмов майдангер жазушы Кемел Тоқаев жазған әңгіменің желісімен түсірілген «Атаманның ақыры» фильмде басты кейіпкерді де ойнаған еді.
«Қазақ халқынан шыққан тарихи адамдар көп. Соларды марапаттау – тірі жүрген біздердің міндетіміз. Біз ғылым мен білімді, мәдениетті дамытуымыз керек. Ұлылардың айтуынша, мәдениетсіз, әдебиетсіз ел – ел емес», – деді актер тұсаукесер рәсімінде. Сондай-ақ әйгілі Әшімов 80 жылдығын атап өткелі жатқан арулардың ақ ордасына ақ батасын берді. Ал мәртебелі мейманды құрметпен қарсы алған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай қазақтың салтымен белгілі актерге ұжымның атынан ұлттық шапан жапты.
«Бұл жер өзі киелі, қасиетті жер ғой! Қаншама қазақтың қыздары, аналары осы жерден білім алып, бұл шаңырақтан ұшып шыққан», – деді Асанәлі Әшімов «ұстаздардың ұстаханасы» атанған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті туралы. Кемел Тоқаевтың шығармалар жинағының тұсаукесеріне Түріксойдың атынан халықаралық ұйымның бас хатшысының кеңесшісі Қайрат Мұқановтың қатысқанын айта кетейік.
Бөлісу: