QYZPU-да ауылды жердегі білім жағдайы талқыланды



    • QYZPU-да ауылды жердегі білім жағдайы талқыланды

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде балалар білімінің іргетасы қаланатын ауыл мектептеріндегі білім мәселесі талқыланды. Университет жанынан ашылған ауылда білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстандағы ауылдық білім: зерттеу және даму бастамалары» атты дөңгелек үстелде осы тақырыпты жан-жақты зерттеп, белгілі бір нәтижеге жеткен мықты мамандар жиналып, ауыл мектептерінде қордаланған проблемаларды көтеріп, оларды шешу жолдарын қарастырды.

      Мәселен, Назарбаев университетінің қауымдастырылған профессоры Дүйшон Шаматов ауыл мектептеріндегі мұғалімдердің білім сапасы туралы айтты. Еліміздің шалғай аудандарындағы педагогтардың кәсіби деңгейін арттыруға өз ұсыныстарын ортаға салды. Жер көлемі мен мектептердің шалғай орналасуы Қазақстанға ұқсас келетін Австралия елінен Мельбурн университетінің постдокторанты Мэлисса Фюкуа жиынға онлайн қатысты. Ол ауыл білімін зерттеудің халықаралық тәжірибесімен бөлісіп, Австралиядағы ауылды жерлерде білім берудің ұзақ жылдарғы үрдістері туралы баяндады.

                                                                                                                           

      Өңірлерді дамытудағы қауымдастықтардың рөлі туралы «Комунити» қоғамының негізін қалаушы Эль Карманова айтып берді. Оның айтуынша, қоғамдық бастамалар ауылды жерлерде білім беруді жақсартуға оң ықпал етеді. «Білім-инновация» жобаларының үйлестірушісі Әмірхан Сәулембеков «Ауылды жердегі мұғалімдердің кәсіби дамуы» баяндамасын ұсынды. Оның қозғаған мәселесі ауыл мектептерінде жұмыс істейтін педагогтарды оқыту және дамытуға қатысты болды.

                                                                                

      «TFQ» негізін қалаушы және директоры Гүлнәр Салмен көпшілікке «Teach for Qazaqstan» бағдарламасын таныстырды. Ол аудандарда білім беруді жақсартуға бағытталған бастамалардың нәтижелерін мысалға келтірді.  Aul.Inspired-тегі серіктестік және сыртқы байланыстар бөлімінің директоры Динара Исенова «Aul.Inspired: ауылдағы ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған  әлеуметтік-эмоционалды оқыту құралдарын енгізу» пилоттық жобасын ұсынды. Сондай-ақ ол оқытудың инновациялық әдістерін енгізудің маңыздылығын атап өтті.

                                                        

      Aul.Inspired жобасының негізін қалаушы Әлия Шайхина «Ауылдық білім беру: әлеуметтік-эмоционалды оқыту неге маңызды?» деген сұрақты көтерді. Ал Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев өзі зерттеу жүргізген ауыл мектебінің тұрақты даму моделін таныстырды. Онда ол білім беру мекемелерінің тұрақты жұмыс істеуіне ықпал ететін қағидаттар жайында айтты. Казнаковка орта мектебінің директоры Аралбек Берікұлы Қазақстандағы шағын жинақты мектептерде эксперименттік бағдарлама жасау тақырыбында баяндамасын оқыды. Бір сөзбен айтқанда, ауыл мектебі түзелмей, білім көші оңалмайды деген ортақ пікірге келді мамандар. Яғни мектептер жетістіктер алаңына айналуға тиісті.  

                                                                                  

      «PISA-ның соңғы нәтижелеріне сүйенсек, ауылдағы және қаладағы білім сапасының теңсіздігі мәселесі әлі де өзекті», – деді ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Закир Жұмақұлов. Оның айтуынша, ауылда білім беруді дамыту орталығы алда осы мәселеге қатысты деректерді жинап, осы тақырыпта зерттеулер жүргізеді. Сондай-ақ ауылды жерлерде білім сапасын жақсартуға бағытталған білім беру курстарын әзірлейтін болады.

                                                         

       

      Бөлісу: