Бағдат Мусин QYZPU Цифрлық офицерін марапаттады



    • Бағдат Мусин QYZPU Цифрлық офицерін марапаттады

      ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Цифрлық офицері Тимур Қартбаевты Құрмет грамотасымен марапаттады.

      «Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне орай өз қызметін жауапты және адал атқарғаны, кәсіби шеберлігі мен міндеттерін үлгілі орындағаны үшін Сізге алғыс білдіреміз», – деген министр марапаттау сөзінде.

      Тимур Қартбаев – PhD, қауымдастырылған профессор (ҚР БжҒМ), академиялық профессор, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің түлегі, Қазақстан Республикасы ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының Академигі, академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы стипендия лауреаты. Ол Қазақстан Республикасының «ЖОО үздік оқытушысы – 2018» атағы, Қазақстан Республикасы энергетика министрлігінің «Құрметті энергетик» төсбелгісі, «Электр энергетика саласына қосқан үлесі үшін» медалі, РФ РЖА «Ғылым мен техникаға еңбек сіңірген қайраткер» атағы мен медалі, «Информатика саласындағы табысты кәсіби қызметі үшін» (Бельгия) сапа дипломы мен төсбелгісінің иегері, сонымен қатар өз еңбектері үшін ЖОО-ның құрметті грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталған.  

      Қазіргі уақытта Тимур Қартбаев Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің цифрлық трансформациясын басқарады, атап айтқанда цифрлық трансформация стратегиясын әзірлеп, оны іске асырады.

      Естеріңізге сала кетейік, ЖОО-дағы цифрлық офицер дегеніміз – ректордың толыққанды серіктесі. Ол оқу орнының технологиялық саясаты мен жоғары оқу орнын дамытудың драйвері болатын бағыттарды анықтайды.

      Бөлісу: