Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері полиция қызметкерлерімен бірге жол апатынан қайтыс болған балаларды еске алды
-
17 қараша, 2023
Студенттер жол полиция қызметкерлерімен бірлесіп, Әл-Фараби даңғылы мен Жақсылық Үшкемпіров көшесінің қиылысында орналасқан аллеядағы ағаштарға 11 ақ лента байлады. Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, осы қиылыста жол апаты көп болған, ал 11 – жылдың басынан бері Алматыда жол апатынан қайтыс болған балалардың саны.
«Ақ түс – жаны таза, пәк періштелерді бейнелейді. Жол апатының салдарынан бала өлімі көбейгенін естіп, осындай шараны өткізуді жөн көрдік. Жол бойындағы ағаштарға байлаулы тұрған ақ ленталар темір тұлпар тізгіндеген жүргізушілерге ой салады деп сенеміз. Осылайша біз, болашақ мектеп ұстаздары, азаматтардан жол ережесін сақтауды сұранамыз», – дейді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері.
Жалпы жыл басынан бері Алматыда 3 мыңға жуық жол апаты болып, 84 адам қайтыс болған.
Ақ ленталарды байлағаннан кейін студенттер полицейлермен бірігіп, жүргізушілерге мектеп оқушылары салған суреттерді таратты. Онда жасөспірімдер көлік иелерінен жылдамдықты асырмауды сұраған.
Бөлісу: