QYZPU студенттері сарқырамаға саяхаттады



    • QYZPU студенттері сарқырамаға саяхаттады

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің гидтері студенттерге тамаша саяхат сыйлады. Олар университет табалдырығынан жаңадан аттаған 86 студентті Алатаудың баурайында орналасқан Аюсай сарқырамасына алып барды. Алматы тауларының сұлулығы мен таза ауасы еліміздің түкпір-түкпірінен білім қуалап келген жастарды тәнті етті.

      Саяхатқа шығар алдында гид рөліндегі туризм мамандығының 3 курс студенттері жиналғандарға қауіпсіздік техникасын түсіндірді. Әрине, Іле-Алатауы ұлттық саябағы сұлу табиғат аясы, әрі ондағы жануарлар мен өсімдіктерге ерекше құрметпен қарап, өз қауіпсіздігі үшін де қашанда ережелерді ұстану қажет. Саяхаттың негізгі мақсаты – қатарға жаңадан қосылған студенттерді QYZPU Tour ұйымымен таныстыру, оларға туризм мамандығының қаншалықты қызықты екендігін аңғарту болды.

      Саяхат барысында студенттер гидтердің жұмысының қыр-сырын танып, Аюсай сарқырамасының тарихымен де танысты. QYZPU Tour ұйымының жетекшісі Кенжебек Болат мұндай саяхаттардың туризмге бет бұрған студенттердің кәсіби өсуіне өте пайдалы деп отыр.

      «Тауға бізбен саяхатқа шыққан студенттер бір-бірімен танысып, достасып, гидтің жұмысынан тәжірибе алды. Туризмді оқытып жатқан біздің міндет тек бұл емес, әрі табиғатты қорғау да үйрету», – деді ол сұхбатында.

      Осылайша Аюсай сарқырамасына саяхат студенттердің көңілінен шықты. Енді олар Алматы облысының адам аяғы баспаған басқа да табиғатын танып-білуге құштарланып отыр.

      Бөлісу: