«Балаларына естелік болып қалады деп ойлаймын»: Президент QYZPU профессорын «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградамен марапаттады
-
02 қараша, 2023
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Баймахан Рысбек Баймаханұлының еңбегін жоғары бағалап, оны «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапаттаған болатын. Ғалым медалін президенттің қолынан алу үшін Астанаға ұшуға дайындалып жүрген. Алайда марапаттау рәсіміне екі күн қалғанда ғалым ауруханада көз жұмды.
Марапат марқұмның ұлы Айдар Рысбекұлы мен жесірі Қаныша Баймаханға бүгін Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында салтанатты түрде табысталды. Марапаттау сәтінде ерінен айырылған жұбайы көз жасына ерік берді.
«Ерен еңбегі үшін» медалін Рысбек өзі алуы керек еді, оған жете алмады... 27-сі күні дүниеден өтті. Ғылымға сіңірген еңбектері көп, соны бағалаған Қазақстан Республикасы Президент Аппараты мен Ғылым және жоғары білім министріне үлкен рахмет! Балаларына естелік болып қалады деп ойлаймын», – деді марқұм профессордың жұбайы Қаныша Баймахан бізге берген сұхбатында.
Естеріңізге салсақ, физика кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Баймахан Рысбек Баймаханұлы 71 жасында бақилық болды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Гүлмира Қанай өзінің және ұжымның атынан марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтқан болатын.
Бөлісу: