QYZPU студенті педагогикалық университеттер арасындағы байқауда бас жүлдені жеңіп алды



    • QYZPU студенті педагогикалық университеттер арасындағы байқауда бас жүлдені жеңіп алды

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Әлия Ұлықпанова «Ұлағатты ұстаз – дарынды шәкірт» атты республикалық ғылыми жобалар байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Педагогикалық университеттер арасындағы бәйгені Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған болатын. 

      Филология институтының 3 курс студенті Әлия Ұлықпанова ғылыми жобасына өте қызықты тақырып таңдаған. Жоба «Әдеби шығармадағы ертегі кейіпкерлерін мультфильм желісі арқылы оқыту» деп аталады. Оқытудың ерекше әдісін ойлап тапқан Әлия 5 ай бойы ғылыми зерттеу жүргізген.

      «Халық ауыз әдебиетіндегі көп жанрларының ішінде ертегінің ерекше орын алатыны белгілі. Ол барлық жастағы балалар үшін ерекше сүйікті жанр. Ертегілер арқылы балалар сан алуан қызықты сюжеттермен, бай поэтикалық тілмен, күрделі мәселелерді үнемі шешіп, зұлым күштерді жеңетін белсенді қаһармандармен танысады, соларға еліктейді. Халықтың ауызша шығармашылығы оқушыларға адамгершілік, еңбек, отансүйгіштік, эстетикалық тәрбие берудің сарқылмас қайнар көзі. Ал мұның бәрі баланың санасына жетуі үшін мұғалім ертегімен жұмыс жасау әдістемесін терең білуі қажет», – деп санайды Әлия Ұлықпанова.

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті ертегілерді оқып, қызықты тапсырмалар орындау арқылы оқушылардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін ояту қажет деп есептейді. Бұл балалардың сөйлеу, қиял, ойлау, бейнелі есте сақтау қабілетінің даму деңгейінің артуына, кітапқа деген сүйіспеншілік, жауапкершілік, үлкенге құрмет сезімін тәрбиелеуге әкеледі.
      Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы студентінің ғылыми жетекшісі Наргиза Балтабаева.

      Бөлісу: