Ректор Гүлмира Қанай Республика күнімен құттықтайды



    • Ректор Гүлмира Қанай Республика күнімен құттықтайды

      Құрметті әріптестер! Құрметті білім алушылар! Сіздерді 25 қазан – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Республика күні – елдігімізді, ауызбіршілігімізді, татулығымызды нығайтатын мемлекетіміздің ұлттық мерекесі! Республика күні – Егемендік күні десек қателеспейміз! Өйткені Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қастерлі Тәуелсіздігімізге жол ашты. Сондықтан бұл күннің тарихи мән-маңызы зор. Тәуелсіздік күні – еліміздің ең маңызды датасы болса, Ал Республика күні – еліміздің осы тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы!

      Бәріңізге белгілі, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы құжат Қазақстанның тәуелсіздігі жолында аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні еліміздің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символына айналды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару бастамасынан соң бұл күн тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан батыр ұл-қыздарымызға тағзым күні ретінде аталады.   

      Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп қана қоймай, бірлігімізді бекемдейтін мереке!

      Құрметті оқытушылар! Профессорлар қауымы! Білім алушылар!

      Біз баршамыз белсене атсалысқанда ғана осы игі мақсатқа қол жеткізе аламыз! Себебі мемлекеттің тірегі – Сіздерсіздер!

      Қайта жаңғырған ұлттық мерекеден бастау алатын барлық күндерде баршамыз тату-тәтті, бір-бірімізді сыйлап, жақсылығымызды асырып, қолдап жүрейік!

      80 жылдық тарихы бар «Ұстаздар ұстаханасы» – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті осы тұрғыда еліміздегі  барлық оқу орындарына үлгі болуы тиіс! Өйткені біз ұлт тәрбиелейтін ұстаздардың ордасымыз! Ізгі құндылық, бірлік, отансүйгіштік бізден бастау алуы тиіс!

      Құрметті әріптестер! Құрметті білім алушылар!

      «Ұстаз» есімі қаншалықты таза, пәк, адал болса, соншалықты еліміздің ауызбіршілігін биік ұстап, ұрпақтан ұрпаққа оны дәріптеп, Тәуелсіздігіміздің ғұмырын мәңгілік етейік! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, молшылық тілеймін! Республика күні құтты болсын!!!

      Бөлісу: