Білім берудің өзекті мәселелері талқыланды



    • Білім берудің өзекті мәселелері талқыланды

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бастамасымен қолға алынған еліміздегі мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының педагогтары мен білім алушыларына әдістемелік тұрғыдан қолдау көрсететін арнайы жоба жалғасын табуда.

      Жоғары және орта білім беру саласындағы білікті мамандар мен сарапшылардың қатысуымен өтетін семинарлар мен тренингтер сериясының кезекті тақырыбы бастауыш сынып оқушыларының білімді шығармашылықпен қолдану дағдысын дамытуға арналды.

      Бейнеконференция форматында ұйымдастырылған жиында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына қарасты Педагогикалық шеберлік орталығының Алматы қаласындағы филиалының аға менеджері, педагогика ғылымдарының кандидаты Асима Рысқұлбекова ХХІ ғасырда білім берудің өзекті мәселелеріне кеңінен талдау жасап, негізгі басымдықтары туралы түсініктемелер берді.

      Сонымен қатар вебинарда оқыту мен оқудың тиімділігін арттырудың қуатты құралдарымен таныстырып, бастауыш сынып оқушыларының креативті ойлау қабілетін дамыту әдістемесі кеңінен таныстырылды. Қашықтан оқыту жағдайында мектеп оқушыларының оқуға деген ынтасы мен белсенділігін арттыру, өздігінен білім алу дағдысын дамытуда шығармашылыққа арналған тапсырмаларды қолданудың тиімділігі де жан-жақты баяндалды.

      Басқосуда Асима Рысқұлбекова болашақ мұғалім мамандарды даярлауда ХХІ ғасырдың маңызды кәсіби дағдылары мен құндылықтарын игеруді педагогикалық жоғары оқу орындары жүзеге асыру тиіс деген пікірде.

      Шараға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Павлодар педагогикалық университеті, О.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Жаркент жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі, Қостанай педагогикалық колледжі мен еліміздің әр өңіріндегі мектептердің оқытушылары, мұғалімдері мен білім алушылары қатысты. Онлайн вебинарға қатысушылар спикерге тақырып төңірегінде сауалдарын қойып, өз ойларымен бөлісті.

      Айта кетейік, әдістемелік семинарлар мен тренингтер сериясы алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Бөлісу: