Ректор Гүлмира Қанай 1 курс студенттерін адал болуға шақырды
-
12 қазан, 2023
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Гүлмира Қанай 80 жылдық тарихы бар арулардың ақ ордасының табалдырығын жаңа аттаған 1 курс студенттеріне академиялық адалдықтың не екендігін түсіндірді. Басшы болашақ ұстаздардың жаңа толқынына шындық, сенім, құрмет, әділдік және жауапкершілік қағидаттары туралы егжей-тегжей әңгімелеп, педагогтарға салмақты моральдық және этикалық шешімдер қабылдауға көмектесетін академиялық ережелер жайлы айтып берді.
Еліміздің түкпір-түкпірінен арман қуалап келген жастардың ректормен кездесуі өте қызықты өтті. Акт залы ішіне лық толған 1 курс студенттері Гүлмира Әмірханқызының дәрісін ден қойып тыңдап, қысылмай, емін-еркін өз сұрақтарын қойды. Жастардың сөзінен олардың «ұстаз» мамандығын қателеспей, дәл таңдап келгендері анық байқалды.
Сондай-ақ «педагог боламын» деп қыздар университетін таңдаған студенттер осы дәрісте оқу ордасының проректорларымен де танысты. Әрі университет құрылымы мен ішкі тәртібі, қауіпсіздік туралы мол мағлұмат алды. Ректор дәрісін тыңдаған 1 курс студенттері тарихы бай университет мәдениетін сақтап, оны нығайтуға сөз беріп тарқасты. Айта кетейік, ректор Гүлмира Қанай биылғы жаңа оқу жылында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне жаңадан қабылданған 3 мыңға жуық студентке 1 апта бойы осындай дәріс оқитын болады.
Бөлісу: