QYZPU-дің мыңнан астам студенті балаларға сабақ бере бастайды



    • QYZPU-дің мыңнан астам студенті балаларға сабақ бере бастайды

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің мыңнан астам 4 курс студенті 27-қарашадан бастап Алматы қаласы мен Алматы облысының білім беру ұйымдарында сабақ бере бастайды. Оларды осы сәтке дайындауға университет оқытушылары біліктілікті арттыру орталығымен бірлесіп арнайы тәжірибелік курсты бастап кетті. 72 сағаттан тұратын курста жас ұстаздар балалармен қалай тіл табысу керек, оларға сабақты қалай өту керек, сондай-ақ сөйлеу мәнері мен киім үлгісіне дейін жетекшілерінен тәлім алады.

      Жас ұстаздар балабақша, SOS мектеп пен орта мектептер, лицей, гимназия, колледждерде 12 апта, яғни 30-наурызға дейін сабақ беретін болады. Сондай-ақ жас мамандар ғылыми зерттеу институттары мен аудандық мәдениет және оқушылар үйлеріне де тәжірибеден өтетін болады.                                                                                      

      Жалпы және әлеуметтік педагогика кафедрасының бағдарлама көшбасшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессордың міндетін атқарушы Мейрамгүл Бұлақбаеваның айтуынша, бітіруші студенттер үшін дайындық курс аса маңызды. Өйткені жас ұстаздар осында мектепте тәжірибеден өту кезінде балалар алдында өзін сенімді ұстауды үйренеді. Яғни екі апта бойында болашақ мұғалімдер біліктілігін ұштайды. Атап айтқанда, курстың алғашқы аптасында педагогика бойынша тәлім алса, екінші аптасында оқытушылары оларды психология тұрғысынан дайындайды.

                                                                                          

      Курс аясында студенттер Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығының жетекшісі Нұрғали Тұрымбетовпен кездесіп үлгерді. Алда QazBilim порталының директоры Аятжан Ахметжанның дәрісін тыңдайды.

      «Болашақ педагог-ағартушылармен бір жарым сағаттық егжей-тегжей талқылау жасап, сұрақтарына жауап бердім. Бір қарқында өтті, түсінгенім мектеп тарапынан осындай кездесулер керек екен. Мектеп басшысы, оқу-тәрбие орынбасарлары, ұлағатты ұстаздар ЖОО-на келіп, бітіруші түлектердің сұрақтарына жауап беріп, өз тәжірибелерімен бөлісіп отырса, мектепке келгенде бейімделу әлдеқайда жеңілдеу болады», – деп жазды Нұрғали Асанұлы кездесу туралы өзінің Инстаграм парақшасында.

      Біліктілікті артттыру курсы 20-шы қазанда аяқталады. Әне-міне ұстаз атанғалы жатқан 4 курс студенттері арасында филологтардың қарасы көп. Атап айтқанда, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті биыл еліміздің түкпір-түкпірнідегі білім ошақтарына дайын кадр ретінде 390 филолог, әлеуметтік-гуманитарлық мамандықтары бойынша 170, жаратылыстану мамандықтары бойынша 259, физика, математика мамандықтары бойынша 123, педагогика және психология мамандықтары бойынша 259 студентті жіберуге дайын.

                                                                   

       

      Бөлісу: